Қожайын келтірілген шығынды 36 миллион 680 мың теңгеге бағалап отыр...
Жамбыл облысында бақташы 61 жылқы мен 169 қойды сатып жіберді деген күдікке ілінді, деп хабарлады paryz.kz, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
15 наурызда Тараз қаласының тұрғыны Байзақ аудандық полиция бөліміне арызданған. Оның айтуынша, фазендадан ірі және ұсақ мал ұрланыпты. Ал ол малдар былтырғы қарашадан бері бақташының бағымында, Байзақ ауданындағы жайылымда жүрген. Фазендаға келген қожайын 61 жылқысы мен 169 қойының жоқ екенін 12 наурызда байқаған. Енді ол келтірілген шығынды 36 миллион 680 мың теңгеге бағалап отыр.
Полиция бірден күдікке ілінген 40 жастағы бақташыны ұстады. Кінәсін мойындаған ол қазір уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Қажетті сараптамалар тағайындалған.
Осы фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-тармағы ("Аса ірі мөлшерде жасалған, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап бойынша мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, 7 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.