Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

111 жастағы қарағандылық кейуана сиыр, бие сауып, құрақ құрайды

Аштықты, соғысты көрген Түймегүл әжей 8 құрсақ көтерген. Қазіргі уақытта 54 жастағы ең кенже ұлының қолында тұрады.

111 жастағы қарағандылық кейуана сиыр, бие сауып, құрақ құрайды
фото: видеодан скриншот

Қарағанды облысының Қызылжар ауылында тұратын 111 жастағы Түймекүл әжей әлі күнге құрақ көрпе тігіп, қымыз ашытады. Кейде тіпті сиыр да сауады, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Түймекүл Темірбаева 1910 жылы Жамбыл облысында дүниеге келіп, кейін тұрмысқа шыққан соң Аязбай ақсақалмен Арқа жеріне қоныс аударған. Содан ұзақ жыл жылқы бағып, мал шаруашылығымен айналысқан.

"Жылқышыға көмекші болып жүрдім. Екі жылдай Қарағандыға бие сауып, қымыз ашытып жіберіп отырдық. Егіншілерге де жібердік. Шалым жылқы бағады. Бармаған жеріміз жоқ", - дейді кейуана.

Аштықты, соғысты көрген Түймегүл әжей 8 құрсақ көтерген. Қазіргі уақытта 54 жастағы ең кенже ұлының қолында тұрады. 20-ға жуық немересі мен 30-дан астам шөбересі бар кейуана бүгінде бір ғана әулеттің емес, бүтін бір ауылдың әзиз анасы.

Қарт ананың есту қабілеті аздап жоғалғанмен, көзі жақсы көреді. Инеге жіпті өзі сабақтап, іс тігеді. Білгенін келіндері мен немерелеріне үйретуден жалыққан емес.

"Қарты бар үйдің қазынасы бар" демекші, апамыз ақ жаулығы желбіреп, кішкентай кезімізден бізге бар тәрбиесін берді. Асырады, өсірді. Кішкентай кезімізде ертегі айтып беретін, одан мектепке барғанда тамағымызды беретін. Кейін өскен соң, шаруаға іліккен соң бие саууды, сиыр саууды үйретті. Қымызды да баптауды білеміз, қолымыздан барлығы келеді. Аллаға шүкір, апамыз үйретіп жатыр", - дейді немересі Айтолқын Аязбай.

Түймегүл әжей бос отырғанды ұнатпайды екен. Үнемі қозғалыста жүру денсаулыққа пайдалы деп біледі. Немерелерінің айтуынша, барлық көйлегін өз қолымен тігеді.

"Еңбекқорлығының, шаруасының арқасында осы жасқа жеткен шығар деп ойлаймын. Мен шықпа, үйде отыр деп кетемін, келгенде далада жүреді. Малдың қасына барады, күрек, айыр ұстап кетеді. Шелекке жем салып алып, қой-қозыға жем берейін деп кетеді. Жазда бие сауамыз. Кейде үйде адам болмай қалғанда, бие байланып тұрғанда, шелекті алып, обал болады деп барып сауады", - дейді кенже ұлы Сөртібай Темірбаев.

Балаларының сөзін растағандай, әжей еш қиналмастан далаға шығып, сиыр сауды. Сүйегі асыл ана енді шөпшектің қолынан су ішсем деп армандайды.