«Қазгидромет» РМК бүгінге, 29 сәуірге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Синоптиктердің болжамынша, бүгін еліміздің басым бөлігіне солтүстік-батыс циклоны мен атмосфералық фронттар әсер етеді.
Соның салдарынан көптеген өңірде найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Солтүстік және солтүстік-батыс аймақтарда жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі, ал батыс, шығыс және оңтүстік-шығыста бұршақ жаууы ықтимал.
Тек еліміздің батысында күн ашық әрі жауын-шашынсыз болады. Республика аумағында жел күшейіп, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста шаңды дауыл тұруы мүмкін.
Солтүстік, солтүстік-батыс және орталық өңірлерде түнгі және таңғы уақытта тұман түседі. Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының бірқатар аймақтарында жел екпіні секундына 30 метрге дейін жетеді. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қостанай және Маңғыстау облыстарының кейбір бөліктерінде топырақ бетінде 3 градусқа дейін үсік жүреді. Сонымен қатар, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе, Алматы және Жетісу облыстарының бірқатар аймақтарында жоғары өрт қаупі сақталады.