Прямая трансляция

Астана

Астана

14°C

ҚМА тұрғындарға тиімсіз шартпен қарыз берген микроқаржы ұйымын тексеріп жатыр

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті заңсыз микрокаржылық қызметін атқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

ҚМА тұрғындарға тиімсіз шартпен қарыз берген микроқаржы ұйымын тексеріп жатыр
Фото: ҚМА

Күдікті 2020 жылдан бастап тиісті лицензиясыз азаматтарға пайызбен және мүлік кепілдігімен «OLX» пен «Instagram» мобильді қосымшалары арқылы қарыз берген. Келісімшарт жасасу кезінде несиелік мәмілені заңды етіп көрсету үшін ол қарыз сомасын шын мәніндегі сомадан әлдеқайда көп етіп көрсеткен.

Себебі бұл сомаға жылдық 100%-ға дейін баратын алдын ала есептелген сыйақылар енгізілген.

Осылайша күдікті жалпы көлемі 100 млн теңгеден астам қаражатты қарызға берген. Айта кету керек, оның заңсыз әрекеттерінің салдарынан қарапайым азаматтардың құқықтары мен мүдделері бұзылған.

Олар қарыз алудың тиімсіз, ауыр шарттарының құрбанына айналған. Жедел қаржылық көмек іздеген олар жоғары пайыздық мөлшер мен мүлкінен айырылу қаупі бар қаржылық тұзаққа түскен.

Заңсыз жолмен алынған табыстың көзін жасыру үшін күдікті таныс бухгалтерді тартқан. Бірігіп, олар ақшаны жылыстатудың схемасын жасап, табысты көлік жөндеу қызметімен айналысатын кәсіпорынның заңды кірісі ретінде көрсеткен.

Ол үшін күдікті жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, шын мәнінде жұмыс істемейтін көлік жөндеу станциясының атынан фискалдық чектер шығарып отырған. Нәтижесінде, күдікті заңсыз қызметінен түскен 60,6 млн теңгеден астам кірісті заңдастырған.

Соттың санкциясымен тәркілеу мақсатында оның пәтеріне және банктік шоттарындағы 28 млн теңге сомасындағы қаражатына тыйым салынды. Тергеу жұмыстары жалғасуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

- Егер сіз экономикалық құқық бұзушылықтар фактілері жайлы білсеңіз, «АФМ Insider» телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз, - делінген хабарламада. Анонимділікке кепілдік беріледі.