Жамбыл облысында үйде болған үш бала газдан уланып қайтыс болды. Мамандар қайғылы оқиғаның алдын ала себебін жариялады, деп хабарлайды paryz.kz.
19 сәуірде кешкі уақытта Меркі ауданындағы үйлердің бірінде үш баланың қайтыс болғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына "QazaqGaz Aimaq" компаниясының апаттық бригадасы да барған.
"Алдын ала мәліметке сәйкес, 2017, 2019 және 2021 жылғы үш бала иіс тиіп уланды. Апаттық бригада бәрін тексеріп, газдан уланудың бірнеше себебін анықтады. Атап айтқанда, газ қазандығы мен түтін мұржасында түтін тарту күші болмаған. Жылыту пеші қолдан жасалған. Ал мұржаны болат құбырдан жасап, қабырғадан шығара салған. Конденсат жинайтын құрылғы да болмаған", - делінген компанияның ресми хабарламасында.
Бұдан бөлек, үйде вентиляциялық канал орнатылмаған. Газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету туралы келісімшарт, сондай-ақ, түтін мен вентиляциялық мұржаларды тексеру актісі болмаған.
Үйдің ішінде газдың деңгейін анықтайтын дабыл құрылғысы да орнатылған жоқ. Бұған дейін Жамбыл облысы Меркі ауданында үш бала газдан уланып қайтыс болғаны хабарланған еді.