Прямая трансляция

Астана

Астана

5°C

Алматылық жастар жеңістің 80 жылдығына арналған патриоттық челлендждерге белсене қатысты

Алматы қаласының жастары Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әлеуметтік желілердегі патриоттық челлендждерге қатысты. #БатырдыңҰрпағымын және #МойПрадедГерой хэштегтерімен өткен онлайн-акциялар тарихи жадымызды сақтап, ерлік рухын дәріптеуге бағытталды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Алматылық жастар жеңістің 80 жылдығына арналған патриоттық челлендждерге белсене қатысты
Фото: дереккөз

#БатырдыңҰрпағымын челленджі — батыр бабалардың ерлігін ұлықтау мен жастарды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды. Жастар Instagram және TikTok желілерінде бейнежазбалар, өлеңдер мен естеліктермен бөлісіп, Жеңістің мәнін жеткізді.

Алматылық блогер Анна Торосянның атасына арнаған алғыс хаты әлеуметтік желіде ерекше әсер қалдырды. Ол өз жазбасын хат түрінде жариялаған:

«Қымбатты ата, мен өмірге келмей тұрып сен бұл дүниеден өтіп кетіпсің. Бірақ мен сені сарғайған суреттер мен әжемнің әңгімелерінен білемін. Сен соғысты түгел артиллерист болып өткеріп, орден тағып, көзіндегі үнсіздікпен үйге оралдың. Сен шайқастар жайлы сирек, көбіне жоғалған достарың мен біз күткен бейбітшілік туралы айтатынсың. Бүгінде мен өмір сүріп, оқып, армандай аламын – себебі сен мойымадың. Рақмет саған, ата.»

#МойПрадедГерой акциясы аясында қатысушылар өз аталары туралы әңгімелеп, фотосуреттер мен архивтік деректерді жариялады. Бұл хикаялар Ұлы Отан соғысына қатысқан жандардың өмір жолын жас ұрпаққа жеткізудің әсерлі форматына айналды. Сондай-ақ, өзінің отбасы жайлы жүрек тебірентерлік естелігімен Диана Намолиновская есімді қолданушы да бөлісті. Ол өзінің жазбасын ардагер атасы Гавриилге арнады:

«Қымбатты ата Гавриил, сенімен тілдесіп үлгермегеніме қатты өкінемін. Бірақ сенің есімің біздің отбасымызда қасиетті аманаттай сақталады. Сен майданға өте жас күйіңде аттанып, аман оралатыныңды да білмедің. Жауынгерлік жорықтардан өттің, суық пен үрейге, жоғалтулардың азабына төздің. Бірақ соның бәрінен соң қайта тұрып, алға баса бердің. Саған қатысты айтылған естеліктерде сен тек солдат емес, кең пейілді адам болғаның айтылады – соңғы нанынды бөліскен, хат жаза алмаған жолдастарыңның орнына үйге хат жазып берген, үнемі үйге оралуды армандаған екенсің. Сен оралдың. Үй тұрғыздың. Балаларыңды өсірдің. Енді сенің немере, шөберелерің – бәрі сенің кім болғаныңды біледі. Жыл сайын Жеңіс күні мен іштей саған алғыс айтамын. Өмір үшін, төзімділік үшін, Жеңіс үшін рақмет, ата!»

Челлендждерге танымал блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысуы — жастар арасындағы қызығушылықты арттырып, акцияның кең ауқымда таралуына ықпал етті.

Жалпы екі челлендждің әлеуметтік желідегі қамту көрсеткіші 20 000-нан асты. 100-ден астам жастар өз жазбаларын жариялап, оның ішінде жастар ұйымдарының мүшелері, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары мен белсенділер болды. 

Мұндай бастамалар тарихты ұлықтап қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады. Әрбір жас өз отбасының тарихын мақтанышпен айтып, «Мен — батырдың ұрпағымын» деуге мүмкіндік алады.