Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Шерзат ісі бойынша сот отырысы: төрт айыпталушы бұрын сотты болған

Шерзат Болат ісі бойынша тоғыз айыпталушының төртеуі бұрын сотталған, деп хабарлайды Paryz.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Шерзат ісі бойынша сот отырысы: төрт айыпталушы бұрын сотты болған
Фото: ©Tengrinews.kz/Болат Айтмолда

Бұл туралы Талдықорғанда өтіп жатқан басты сот талқылауы барысында белгілі болды.

Процестің басында судья айыпталушылардан өздері туралы айтуды сұрады. Олар былай жауап берді:

Абзал Шынасыл, 2000 жылы туған, қазақ. Білімі орта. Уақытша жұмыссыз, үйленбеген. Бұрын сотталмаған.

Равиль Сакиев, 1998 жылы туған, қазақ. Білімі орта. Мейрамханада әкімші болып жұмыс істеген. Үйленбеген. Бұған дейін Қылмыстық кодекстің 381-бабы бойынша сотталған ("Прокурордың қызметіне кедергі жасау және оның заңды талаптарын орындамау"). 2,6 жылға бас бостандығы шектелген. Соттылығы өтелген.

Шыңғыс Белғожаев - білімі жоғары, спорт мектебінде әдіскер болып жұмыс істеген. 2015 жылы Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша сотталған ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру"). Үйленбеген.

Дархан Әскентай – 1993 жылы туған. Қазақ. Білімі орта. Уақытша жұмыссыз. Бұрын тергеу назарына іліккен.

Нұрқияс Ілиясов - 1998 жылы туған, қазақ. Білімі орта. Жұмыссыз. Үйленбеген. Бұрын Қылмыстық кодекстің 107-бабы ("Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру") бойынша сотталған. Мерзім әлі өтелген жоқ.

Азамат Тоқтаубаев - 2000 жылы туған. Қазақ. Білімі орта. Жеке кәсіпкер. Үйленген. 2024 жылғы қазанда қауіпсіздігі орташа колонияда 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Нұрбол Тоқтаубаев - 1996 жылы туған, қазақ. Білімі орта. Тау шаңғысы курортында арнайы техника операторы болып жұмыс істеген. Үйленген. Бұрын сотталмаған.

Дидар Қалиахмет - 1998 жылы туған, қазақ. Талғардың тумасы. Білімі орта. Жүргізуші болып жұмыс істеген, үйленген, екі баласы бар. Бұрын сотталмаған.

 Кәмелетке толмаған Ы.Д. - Талғардың тумасы, қазақ. Білімі орта. Қылмыс кезінде мектептің 11-сыныбында оқып жатқан.