Алматыда кәмелетке толмаған оқушы қызға бірнеше мәрте зорлық көрсету дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды paryz.kz baq.kz-ке сілтеме жасап.
Жаға ұстатар жайт туралы жасөспірім бірнеше жыл бойы ешкімге айтпаған. Түрксіб ауданының тұрғыны 2023 жылы көршісінің сеніміне кіре отырып, оның 13 жастағы қызын зорлаған. Ата-анасы жоқ кезде 13 жастағы балаға ішімдік беріп, оның шарасыз күйін пайдалана отырып, арам ойын іске асырған.
Қыз бала ұялып, болған жайт туралы ешкімге тіс жармаған. Белгілі болғандай, жасөспірімнің әкесі жұмыста болғанда көршісі бірнеше мәрте зорлық-зомбылық әрекетін жалғастырған. Жазасыз қалатынын сезіп, кәмелетке толмаған баланы күш қолданып, ұрып-соғып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген.
Арада екі жыл өткенде жасөспірім көршісінен көрген қорлығын әкесіне айтады. Одан соң баланың әкесі Түрксіб аудандық ПД арыз жазған. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша Түрксіб аудандық Полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
«Қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық объективті мән-жайларын анықтауға бағытталған бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу барысы мен нәтижелері ПД басшылығының бақылауында. Нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес шаралар қабылданатын болады», - деп жауап берді Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі редакцияның сауалына.