Шымкентте 1-сынып оқушысы Тұран-1 шағын ауданында су толған шұңқырға құлап, көз жұмды, деп хабарлады Paryz.kz Отырар телеарнасына сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, жеті жастағы бала 12 сәуір күні сағат 17:00 шамасында үйден шығып кеткен. Бірнеше сағаттан кейін, шамамен 22:00-де оның денесі 2 метр терең су толған шұңқырдан табылған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, шұңқыр бірнеше жыл бұрын көпқабатты үйлердің кәріз суына арналып қазылған, бірақ жұмыс тоқтап, шұңқыр ашық қалған. Уақыт өте келе ол ағынды суға толған.
Телеарнаның хабарлауынша, тұрғындар қауіпті аумақты қоршау туралы өтінішпен жауапты органдарға бірнеше рет жүгінгенімен ешқандай шара қабылданбаған. Баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.