Бүгін Бурабайда Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтеді, деп хабарлайды paryz.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады.
Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.
Мемлекет басшының бастамасымен 2022 жылы құрылған Ұлттық құрылтай қоғамдық консолидацияны дамытатын маңызды алаңға айналды.
Құрылтай дәстүрінің қайта жаңғыруы халықтың ерік-жігерін біріктіріп, мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселелерді шешуді көздейді. Ұлттық құрылтайдың басты мақсаты – қоғамдық консолидацияны одан әрі дамыту үшін идеялар мен қадамдарды тұжырымдау. Ұлттық құрылтайдың ерекшелігі – әр өңірден, әртүрлі саладан жиналған құрамы.
Онда ғылым, білім, медицина, мәдениет, спорт саласының мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдері, еңбек және құқық қорғау саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ қоғам белсенділері мен жастар қозғалысының жетекшілері бар.
Бұл халық демократиясы мен жасампаз плюрализмнің үлгісі ретінде қоғамның кең ауқымды пікірі мен мүддесін ескеруге мүмкіндік береді.