Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.6°C

«100 мың теңгеге дәрі сатып алдым»: көпбалалы ана аурухананың былығын әкімге айтып берді

Алтай аудандық көпсалалы ауруханасындағы науқас өз қалтасынан дәрі-дәрмек сатып алғанын тексеруге келген облыс әкіміне айтып берді, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

«100 мың теңгеге дәрі сатып алдым»: көпбалалы ана аурухананың былығын әкімге айтып берді
фото: видеодан скриншот

2024 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай аудандық көпсалалы ауруханасының екінші және үшінші қабаттары толық жөндеуден өтті.

Жаңартылған медициналық мекемеде заманауи операция бөлмелері мен ыңғайлы палаталар пайда болды.

Сонымен қатар, жаңа МРТ аппаратын орнату және қосымша ғимарат салу жоспарланып отыр. Алайда, сыртқы көріністің артында шешілмеген үлкен мәселе бар.

Пациенттер дәрі-дәрмек тапшылығына шағымданып отыр. Көпбалалы ана Маржан Елікпаева емханаға түскен кезде дәрі-дәрмек сатып алу үшін өз қалтасынан 100 мың теңге жұмсауға мәжбүр болғанын айтты.

«Бейсенбі күні баламды ауруханаға жатқыздым, дәрілерге 30 мың теңге төледім. Сенбі күні күйеуім де ауруханаға түсті, тағы 70 мың теңге кетті. Омез, Пантенол, Лактон, тіпті қарапайым гидрохлорид те жоқ», – дейді Елікбаева. 

Бұл мәселені басқа да науқастар растады. Олар шынымен де, кейбір дәрілерді өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болған. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл мәселеге қатысты өз болжамын айтты. «Егер ауруханада дәрі-дәрмек жеткілікті болса, бірақ пациенттер дәріханалардан сатып алуға мәжбүр болса, онда бұл дәрілер заңсыз сатылып жатыр деген сөз» – деді Сақтағанов. 

Аурухананың бас дәрігері Олжас Нүрекенов дәрі-дәрмек тапшылығы бар екенін мойындады. Оның айтуынша, жыл басынан бері кейбір медициналық препараттар қаржыландыру жетіспегеннен сатып алынбаған.

Алайда ол Маржан Елікбаева өзі алған дәрі-дәрмектің түбіртегін көрсете алмағанын жеткізген. Кейін көпбалалы ана Маржан Елікбаева бұл мәселе шешілгенін жеткізді. Қазіргі уақытта прокуратура мемлекеттік тапсырыстарды тексеруді бастаған.

Қорытынды шешім әлі шыққан жоқ, бірақ бұл жағдай қоғамда үлкен талқыға түсті. Науқастар болашақта ауруханаға қажетті жабдықтармен қатар, ем үшін маңызды дәрі-дәрмектердің де жеткілікті боларына үміт артты.