Күні кеше басылым беттерінде Сарыағаш медресесінің бас ұстазы Әбужаппар Сманов шәкірттеріне аяғын уқалатып қойған деген ақпарат желдей ескен еді. Әлеуметтік желілерде шәкірттерінің алдында талтайып отырған имамның ерсі қылығына қатысты пікір білдіргендер де көп болды, деп жазады Paryz.kz.
Осыған қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы пікір білдірді.
«Мешіт – құлшылық үйі, жамағат жиналатын рухани орда, қасиетті мекен, тәрбие орны. Құлшылық үйіне келген адам мешіт әдебін сақтауы тиіс. Бұл – мұсылманның көркем мінезінің бір. Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы мешітте болған оқиға әлеуметтік желілерде тарап, қоғамның түрлі пікір қайшылығын тудырды. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті орында қоғам наразылығын тудырған әрекетке жол бергені үшін мешіт имамына ескерту жасады», - деп жазды ол.
Ағабек Қонарбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі барша мұсылман жамағатын құлшылық үйлерінде дауыс көтеріп сөйлемеуге, әдепсіз әрекеттерге жол бермеуге, ұрыс-керіс жасамауға шақырады. Жамағатты барынша мешіт әдебін сақтауға үндейтінін жеткізді.