Соңғы жылдары Қазақстан азаматтығын алу туралы өтініштер саны азайды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына жолдаған жауапта айтылған.
— Өткен жылы Қазақстан азаматтығын 20,2 мың адам алды. Оның ішінде 15,6 мыңы немесе 77% қандас. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 25%-ға аз. 2023 жылы 26 828 адам Қазақстан азаматтығын алған еді. Оның 20,5 мыңы – қандас болған, - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданған адамдардың ең көп саны: Өзбекстан, ҚХР, Ресей, Түрікменстан және Қырғызстанға тиесілі. Заңнамаға сай, Қазақстан Республикасы азаматтығын алудың екі тәртібі көзделген: «Қазақстан Республикасы азаматығы туралы» заңның 16-1-бабына сәйкес жеңілдетілген тіркеу тәртібі (қарау мерзімі 3 ай) және осы заңның 16-бабына сәйкес жалпы белгіленген тәртіп (қарау мерзімі 6 ай).