Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Adal Adam youtube арнасына берген сұхбатында Назарбаев жүйесінде халықтың саяси көзқарасына байланысты аймақтарды алалау болғанын жасырмады. Яғни Семей, Маңғыстау, Қызылорда сияқты бірқатар өңір Назарбаев «администрациясының» «қара тізімінде» болғандықтан, бюджеттен сол аймақтарды дамытуға жеткілікті деңгейде қаржы бөлдірмеген әңгіменің жаны барын айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Ал жаңа билік облыс-қалаларды алаламайтынын жеткізді.
«Қазір ондай алалау жоқ. Президент әкімшілігіндегі, Үкіметтегі біраз азаматтарды танимын, пікірлесеміз, жобаларды талқылаймыз, іске асырамыз. Олардың әрекетінен, сөзінен алалауды байқаған емеспін. Себебі, мелекеттің тұтастығы керек. Бөліп ал да билей бер деген принцип жүрмейді қазір, бөліп ал да басқару деген принциппен жүру керек. 3 қала, 17 облысқа бөлдік, енді соларды басқару керек тиімді түрде. Қай аймақта қай мәселе өзекті, соған акцент қойып, шешу керек.
Мәселен, жол мәселесі Маңғыстауда 98 пайыз шешіліп тұр. Ал Батыс Қазақстан облысында ол 50 пайызға да жетпейді. Енді жол мәселесінде приоритетті БҚО-ға беру керек. Үкімет парламентпен бірге бюджетті қараған кезде осылай мәселенің маңыздылығына, қажеттілігіне қарай реттестіріп отыру керек. Жалпы, бүгінгі билікте «мына өңір ұнамайды, оған қаржы аз бөлеміз» деген принцип жоқ. Қай жерге не керек, қаржысын бөліп отыр. Маңғыстау облысын алайық, былтыр қазан айындағы референдумда төмен дауыс берді, басқа жағдайда да дауыс беру, қатысу жөнінен төмен көрсеткіш көрсетеді. Былайша айтқанда, «протестный регион». Бірақ солай екен деп Ақорда, Үкімет аз ақша бөліп жатқан жоқ, қажет қаражаттың бәрін беріп отыр, аймақты дамытатын көптеген шаралар жасалып жатыр. Сондықтан, адамдардың саяси көзқарасына байланысты әлеуметтік-экономикалық мәселелерін алалау дейтін принцип жоқ қазір», - деді Еділ Жаңбыршин.