Қытайлық вирусологтар жарқанаттардан жаңа коронавирус анықтады, ол COVID-19 сияқты адамды жұқтыруы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ қытайлық South China Morning Post басылымына сілтеме жасап.
Зерттеушілердің мәліметінше, вирус коронавирустардың жаңа тобына жатады және HKU5-CoV-2 деп аталады. Ол Гонконгте жапон тегісмұрынды жарқанатынан табылған.
Зерттеу Гуанчжоу зертханасында Қытай Ғылым академиясы, Ухань университеті және Ухань вирусология институтының ғалымдарымен бірлесіп жүргізілді. Жұмысты коронавирус зерттеулерімен танымал вирусолог Ши Чжэнли басқарды.
Мамандар HKU5-CoV-2 вирусының адамдағы ACE2 рецепторымен әрекеттесе алатынын анықтады, бұл оның адамға жұғу мүмкіндігін теориялық тұрғыда растайды. Дегенмен ғалымдар бұл вирус адам арасында кең таралуы екіталай екенін атап өтті. Соған қарамастан, жаңа штаммды одан әрі зерттеу ұсынылады.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың желтоқсанында америкалық конгрессмендер екі жылдық зерттеуден кейін COVID-19 зертханадан таралған болуы мүмкін деген қорытынды шығарды. Олардың баяндамасында вирус ерекшеліктері мен бір ғана таралу көзі көрсетілген. Қаңтардың соңында АҚШ Орталық барлау басқармасының (CIA) жаңа директоры Джон Рэтклифф коронавирус шыққан жер туралы жаңартылған талдамалық құжатты құпиясын ашуға бұйрық берді.
Еске салсақ, COVID-19 – SARS-CoV-2 коронавирусынан туындаған инфекциялық ауру. Ол алғаш рет 2019 жылдың желтоқсанында Қытайдың Ухань қаласында анықталып, 2020 жылдың 11 наурызында ДДСҰ пандемия жариялаған жаһандық індетке айналды.