Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты терроризм актісі туралы жалған ақпарат таратқан азаматқа үкім шығарып, оны үш жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Аталған азамат биыл қаңтар айында мас күйінде "FlyArystan" әуе компаниясының Астана-Өскемен бағытындағы рейсіне мініп, жанжал шығарған. Ол бортсерік пен тағы бір жолаушыға дене жарақатын келтіріп, ұшақ ішінде бомба бар деп айтқан.
Осы мәлімдемесі салдарынан әуе компаниясы мен құқық қорғау органдары 153 жолаушыны эвакуациялауға мәжбүр болды, бұл өз кезегінде материалдық шығынға әкелді. Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындады.
Жәбірленушілер мен куәгерлер оның әрекеттерін растап, сарапшылар қажетті қорытындыларын ұсынды. Прокурор соттан оны үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот айыпталушының мас күйде болғанын жазаны ауырлататын жағдай ретінде бағалады.
Ал кәмелетке толмаған баласының болуы және шын жүректен өкінуі оның жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілді. Сот қылмыстық істің барлық мән-жайын зерттеп, Қылмыстық кодекстің 273-бабы және 293-бабы 2-бөлігінің 4) тармағы бойынша айыпты деп танып, оны үш жылға бас бостандығынан айырды, – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.