13 наурызда бүкіл отбасыға арналған, көпшілік көптен күткен комедия – «Малай» фильмінің премьерасы өтеді. Бұл картина «Холоп» кассалық франшизасының ресми адаптациясы. Бұған дейін бұл фильм Түркия, Моңғолия және Францияда шыққан болатын. Отандық нұсқа қазақ тілінде түсіріліп, жергілікті менталитет пен әзіл ерекшеліктері ескерілді.
Басты кейіпкер – байдың мұрагері Чина (Жеңіс Омаров). Жас жігіт байлыққа белшесінен батып, ішкені алдында, ішпегені артында, өзіне бәрі рұқсат деп ойлайды. Алайда, оның әкесі-олигарх (Жандарбек Садырбаев) ұлын сабасына түсіруді ойлап, ерекше қадамға барады. Елден ерекше психологпен (Дулыға Ақмолда) бірігіп, олар XIX ғасырдағы қазақ ауылының өмірін қайта жаңғыртады және Чинаны сол ортаға жібереді. Фильмде “байдың баласы адам бола ма?” – сұрағына жауап ізделеді.
“Әлемдік кинода сәтті туындыларды негізге алып, олардың адаптациясын ұсыну – кең таралған әрі танымал әдіс. Біз де осы бағытты қолданып, өзімізге үлкен талап қойдық. Қазақстан қоғамында мажорлардың тақырыбы өте өзекті, сол себепті “Холоп” франшизасы бізге сәйкес келді. Бізге қазақ менталитетін, құндылықтары мен әзілін ескере отырып, бейімдеу өте маңызды болды. Сонымен қатар, “Малай” – толықтай қазақ тілінде түсірілген фильм”, – деп атап өтті Unico компаниясының бас продюсері Анара Жунусова.
Жеңіс Омаров (Zheka Fatbelly) үшін де бұл жоба үлкен сынақ болды, себебі бұл оның ойнаған бірінші басты рөлі. Режиссер мен түсірілім алаңындағы әріптестерінің айтуынша, блогер өз рөлін тамаша орындап, кадрда өте сәтті ойнады, бірақ бұл рөл оған оңайға тиген жоқ.
“Менің кейіпкерім неше түрлі қиындықты бастан өткерді. Физикалық жағынан өте ауыр болды, бірақ қызықты сәттер де аз емес еді. Әсіресе, атпен жүру және шабу кездері қиынға соқты. Қазір сол түсірілім күндерін сағынышпен еске аламын, демек, бәрі жақсы өтті”, – деді Жеңіс Омаров (Чина).
Авторлардың айтуынша, “Малай” – отбасымен бірге көруге арналған қызық әрі көңілді фильм.
“Қазақстанда балалар мен ересектерге бірдей қызықты болатын фильмдер көп емес. Сондықтан “Малай” жобасында жұмыс істеу маған қызық болды. Чинаның оқиғасы мен оның өткен ғасыр ауылындағы қызықтары кішкентай көрермендерді күлдірсе, үлкендер үшін мажорды тәрбиелеу тақырыбы ой салуы мүмкін”, – деді фильм режиссері Ернар Нұрғалиев.
Фильмге Дулыға Ақмолда, Лаура Мырзахмет, Жандарбек Садырбаев, Ермек Шынболатов, Аида Құрманғалиева (Мона), Сабина Мовлаева, Хамит Ердехан сынды танымал тұлғалар қатысқан.
Айта кетсек, олардың көпшілігі көрерменге бұрын-соңды болмаған ерекше бейнеде ұсынылады. Көрермендердің пікіріне құлақ түрсек, бұл фильм наурыздың басты комедиясына айналмақ. Тұсаукесер күні 13 наурызға белгіленіп отыр.
Барлық жаңалықтарды @malay_film парақшасынан біле аласыздар.
МАЛАЙ Фильмді ұсынғандар: Unico, Қазақфильм
Өндіріс: JKS Entertainment
Серіктес студиялар: 1ON, Art Dealers
Бас продюсерлер: Анара Жунусова, Бексұлтан Қазыбек, Василий Куценко, Ирина Сосновая, Темірлан Атаулла
Продюсерлер: Азиз Векимов, Олег Дё, Тимур Шевченко
Қоюшы-режиссер: Ернар Нұрғалиев
Қоюшы-оператор: Еркебұлан Қуанышбаев
Басты рөлдерде: Жеңіс Омаров, Аида Құрманғалиева, Жандарбек Садырбаев, Лаура Мырзахметова, Дулыға Ақмолда, Хамит Ердеханов, Мейрамхан Шалқыбеков, Ермек Шынболатов, Сабина Мовлаева
Сценарий авторлары: Абдусаид Тулегенов, Данияр Бекжанов, Айбек Жолмырза Қоюшы-суретшілер: Айбек Айнабеков, Руслан Оспанов
Тұсаукесер: 13 наурыз 2025
Трейлерге сілтеме: : https://www.youtube.com/watch?v=SmIhC6B7qak&t=7s