Мұндай бастаманы кәсіпкер Дулат Тастекей мен журналист Нұрсейіт Жылқышыбай көтеріп отыр, деп хабарлайды Paryz.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай жазуынша, кәсіпкер Дулат Тастекей Ұлы Абайдың 180 жылдығына байланысты осындай бастама көтерген. 2025 жылдың 10 тамыз күні дүние есігін ашқан барлық Абайларға 180 мың теңгеден бермек.
«Асылтас қорының бұл бастамасын мен де өз шама-шарқымша қолдаймын. Бірақ… Қазақта Абай деген ат аз емес. Ал Құнанбай ше? Алда бір жазғанымдай Құнанбай, Дөнентай, Тұрсын сынды қазір қазақы аттар қойылмай кетті. Есесіне арабша аттар қаптады. Бұл бір. Екіншіден Абайдың Абай болуына ықпал еткен әкесі. Емендей берік, бәйтеректей зор Құнанбай! Қарадан шығып хан болған. Әділдікті қақ жарған шешен әрі балуан болған тұлға!», – дейді ол.
Журналист ұлының атын Құнанбай деп қойған он адамға «Аламан» компаниясының атынан 3 млн теңге бөлмек.
«Яғни балаңыздың атын Құнанбай деп қойсаңыз 300 мың теңгені бірден шотыңызға аударып жіберем. Ол үшін мына нөмірдің вацабына 8-707-179-79-42 дәлелдейтін туу туралы куәлікті жіберсеңіз болғаны. Бұл шара 1 наурыздан басталады. Оған дейін барынша репост жасап қолдап жіберсеңіздер! Ата-ана атанғалы отырған жандарға хабарымыз жетсе екен дейміз. Әрине кейін бұл шараның есебін өздеріңізге беремін. Он сәби Құнанбайды өздеріңізге таныстырамын. Сіздер ақ тілектеріңізді айтасыздар!», – дейді ол.