Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету шаралары қолға алынып жатыр. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында шаруаларға дизель отыны қанша теңгеден сатылатынын айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері 1 ақпан – 30 маусым аралығында 401 мың тонна дизель отынын бөлу кестесін бекітті. Бұрынғы жылдары дизель отынының бағасы литріне 228 теңге деңгейінде ұсталды. 2025 жылы Энергетика министрлігі бекіткен жаңа баға – литріне 232 теңге. Бірақ операторлар қосқан маржамен түпкілікті баға литріне 254 теңгені құрауы мүмкін. Бұл жанар-жағармай құю бекеттеріндегі бөлшек бағадан шамамен 15%-ға төмен, - деді министр.
Егер АЖҚС-тағы (жанармай бекеттеріндегі) дизель отынының бағасы көтерілсе, ауыл шаруашылығына арналған отын бағасы да пропорционалды түрде өседі. Бірақ 15% жеңілдік сақталады.
Оның сөзінше, дизель отынына арнайы ПИН-кодтар енгізілді. Оны сары, көк және қызыл түстерге бояу арқылы ерекшелеу қарастырылған. Электронды шот-фактура жүйесінде дизель отыны үшін жеке виртуалды қойма құрылды.