Дәрігерлер науқасқа бір кезеңде екі бірдей ота жасап, өт қабы мен өт жолына жиналған тастарды сылып алған. Мұншама көп шамадағы өт тасының болуы медицинада сирек жағдай делініп отыр.
77 жастағы Әмірғалы Сәдуақасовтың іші қатты бүріп, қан құса бастаған. Жедел жәрдем зейнеткерді №1 Павлодар қалалық ауруханасына шұғыл жеткізіп, хирург Нұрсұлтан Андасбеков мәселе науқастың денсаулық жағдайымен байланысты екенін анықтаған. Нақты диагнозға көз жеткізу үшін инфузионды терапия және құрсақ қуысының магнитті-резонансты томографиясы жасалған.
– МРТ зерттеуі кезінде өт жолдарында көптеген тастарды анықтап, бір анестезиямен бір уақытта екі түрлі ота жасауды шештік. Бірінші кезең – пункциялар арқылы ішінде тастары бар өт қабын алу. Бірақ тастар өт қабының жолдарында тұрғандықтан оларды ауыз қуысы арқылы алып тастауға мәжбүр болдық. Адам ағзасында диаметрі 0,4-тен 0,7 сантиметрге дейін 60-қа жуық тас пайда болуы сирек жағдай. Әдетте, хирургтар екі немесе үш тасты алып тастайтын оталарды жасайды, - дейді хирург Нұрсұлтан Андасбеков.
Қазір зейнеткердің жағдай жақсы. Жеті күннен кейін қайтадан ауруханаға оралып, іш қуысы диагностикасынан өтуі керек. Егер өт қабының жолдары таза болса, хирургтар іш қуысындағы стентті алып тастайды.