Еліміздің үш облысында топтасып мал ұрлағандар ұсталды. Толығырақ Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев айтып берді, деп хабарлайды paryz.kz.
– Абай облысында жайылымда жүрген 50-ден астам жылқыны ұрлаған қылмыстық топ ұсталды. Топта 4 адам әрекет еткен. Сонымен қатар Ақмола облысында 46 жылқыны ұрлап кеткен 2 адамнан тұратын топ құрықталды. Одан бөлек, Павлодар облысында 6 адамнан тұратын қылмыстық топ 25-тен астам жылқыны ұрлаған. Қылмыскерлер жол талғамайтын мотокөліктермен малды алысқа айдап кеткен, - деді Шыңғыс Әлекешев ведомствода өткен онлайн баспасөз мәслихатында.
Ішкі істер министрлігі мал ұрлығының алдын алу және азайту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен жұмыс істеп жатыр.
– Ішкі істер министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау қызметінің мал ұрлығына қарсы өзара іс-қимыл туралы бұйрық әзірленді. Мал ұрлығының алдын алудың тиімді әдістерінің бірі – жедел-профилактикалық іс-шараларды тұрақты өткізу.
Аталған іс-шараға полицейлер, ветеринарлық бақылау қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысады, - дейді ол. Ведомство өкілінің айтуынша, өткен жылы мал ұрлығына қарсы 2 республикалық және 76 өңірлік деңгейде іс-шара өтті.