Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

«Төрт әйелі, зәулім сарайы бар»: елорданың бас имамы туралы ақпарат рас па

Желіде Астана қаласының бас имамының зәулім үйі, төрт әйелі бар екені жайлы видео тарады. Алайда елорданың бас имамы Ерболат Жүсіпов ақпараттың жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Төрт әйелі, зәулім сарайы бар»: елорданың бас имамы туралы ақпарат рас па
фото: Azattyq Ruhy

Желіде тараған видеода ер адамның такси жүргізушісі ретінде зәулім сарайдың аспазын жеткізіп салғаны айтылған.

«Ассалаумағалейкүм! Құрметті, бауырлар! Қадірлі мұсылман жамағат! Қазір әлеуметтік желіде Ислам дініне және діннің айналасында жүрген азаматтарға күйе жағу мәселесі белең алды. Ондай адамдар тым шектен шықты деп айтуға болады. Ең әуелі Алла оларға хидаят берсін дейміз. Фейсбук, тикток әлеуметтік желісінде белгісіз бір азамат жалған аккаунт арқылы «Мынау тұрған зәулім үй Астана қаласының бас имамының үйі» деген мазмұнда видео бөліскен. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын өтірік ақпарат екендігін қаперлеріңізге саламын», - деп жазды Ерболат Жүсіпов. 

Ол өз сөзінде жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.

«Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сендердің араларыңдағы Алла Тағалаға ең жек көрініштілерің өсек таратып, адамдар арасына іріткі салып, алауыздыққа апаратындарың» деген. Ардақты мұсылман қауым, арандатушылардың өсек-аяңынан баршамызды сақтасын. Мен, Ерболат Жүсіпов Астана қаласының бас имамы ретінде бейне материалда тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеймін», - дейді имам.