Бұл туралы депутаттардың автокөлікке қатысты мәселені ІІМ-мен бірге талқылағанында белгілі болды, деп хабарлайды paryz.kz.
Мәжіліс депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелері, Ішкі істер министрлігінің азаматтарды шатастыратын резонанстық ақпаратқа жедел әрекететуінің маңыздылығына назар аударды. Атап айтқанда, көлікті бес минуттан артық жылытуға айыппұл салынатыны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтыны айтылды.
Депутат Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, Қазақстанның солтүстік өңірлерінде көлікті бес минутта толық жылыту мүмкін емес. Егер жүргізушілер суық көлікпен жолға шықса, бұл көліктің бұзылуына әкелуі мүмкін, ал жөндеу қосымша қаржылық жүктеме болмақ.
Өз кезегінде Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепёха жол қозғалысы туралы заңдағы "бес минут" нормасы тек "тоқтау" мен "тұрақ" ұғымдарын ажырату үшін енгізілгенін түсіндірді. Көлікті жылыту туралы заңда бес минуттық шектеу көрсетілмеген.
Тұрғындарға қолайсыздық тудырған жағдайда ғана елді мекендерде қозғалтқышы қосулы тұрған көліктің тоқтауына тыйым салынады. Бұл норма бойынша жауапкершілікке тек тұрғындардың шағымы негізінде тартылады. Өткен жылы мұндай үш жағдай тіркелді, оның біреуін прокуратура жойды. Демек, біз қозғалтқышты жылыту үшін ешкімді жауапкершілікке тартпаймыз. Бұл – қолдан жасалған мәселе, – деп сендірді вице-министр.