«QI-Trade» қаржы пирамидасын құрып, 15 млрд теңге пайда тапқан соң Қырғызстанға қашып кеткен Қазақстанға қайтарылды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Бас прокуратура мәліметінше, Қырғыз Республикасынан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін Қазақстан азаматын экстрадициялады.
Аталған топтың мүшелері 2017-2020 жылдар аралығында Қазақстан аумағында «QI-Trade» қаржы пирамидасын ұйымдастырып, 4,7 мыңнан астам салымшының жалпы сомасы 15 миллиард теңге қаражатын заңсыз иемденген. Қылмыстық топтың кейбір мүшелері сотпен әртүрлі жазаға тартылған, ал күдікті қылмыс жасағаннан кейін бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланды. Іздеуде бола тұра, ол Қырғызстанда кісі өлтіру қылмысын жасап, қырғыз сотымен сотталды.
«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол уақытша ұстап берілді, ал қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылғаннан кейін Қырғыз Республикасына қайтарылатын болады. Осылайша, көрші мемлекет аумағында жазасын өтегеннен кейін күдіктіні Қазақстан аумағында жасаған қылмысы үшін жаза күтетін болады. Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Еске сала кетейік, осыған дейін аталған қылмыстық топтың екі мүшесі Ресей мен Польшадан экстрадицияланып, олар қазір әртүрлі жылдарға бас бостандығынан айыруға сотталған», - деді Бас прокуратура хабарламасында.