Полицейлерден күдерін үзген анасы халықтан көмек сұрап отыр. Шынар Әжібекова бұрын-соңды қызының оғаш қылығын байқамаған.
Сабағын оқып, қосымша курсқа қатысып жүрген Арайлым арасында ауылынан Шымкентке барып, жұмыс істеген. Ontustik телеарнасының хабарлауынша, 21 қаңтарда жұмыстан шыққан оқушы қыз сағат 20:30 шамасында анасына хабарласқан.
Ол "Алаш" базарының маңындағы кафелердің біріне ұялы телефонымды қуаттауға кіріп, 1,5 сағаттан кейін де анасының қоңырауына да жауап берген. Ол кезде аялдамадан таксиге отырғанын айтқан. Одан кейін не хат жоқ, не хабар жоқ. Арайлым – үйінің екінші перзенті. Атамекен жалпы орта мектебінде 11-сыныпта оқиды. Дәрігер болуды армандайды екен.
"Біреуге ашылып сырын да айта бермейтін" дейді анасы. 17 жастағы қызын екі тәулік бойы өздері іздеп таппаған соң Абай аудандық полиция басқармасына хабарласқан. Одан бері арада бес күн өтіпті. "Полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз жоғалған қыз туралы арыз бойынша іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Іздеу жұмыстарына Шымкент полиция департаментінің кешенді күштері мен құралдары жұмылдырылды, аудандық бөлімдердің жеке құрамы мен көрші өңірлердің полиция департаменттеріне бағдар жолданды", - деді Шымкент полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Исатаева.
Оқушы қыздың туыстары полициядан үміт үзіп, халықтан көмек сұрап отыр.
"Арайлым Ермекбайдың бойы шамамен 160 см, аққұба келген, шашы қоңыр-қара түсті, бетінде аздаған секпілі бар. Сол күні үстіне қара түсті спорттық киім мен жеңсіз күртесі болған. Ал аяғында ақ түсті спорттық үлгідегі аяқ киім, қолына кішкене ғана сөмке ұстапты". Арайлым туралы қандай да бір ақпарат білетіндер мына нөмірлерге хабарласа алады: 102; 8 747 385 98 11.