Шымкентте «Қорғау» қосымшасы көмегімен 30 миллион теңге көлеміндегі қарызын төлеуден жалтарып жүрген Lexus жүргізушісі анықталды, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Қорғау» қосымшасы арқылы мегаполис полицейлері құқық бұзушыларды анықтап жатыр. Мәселен, өткен аптада бағдарлама қала көшелерінде борышкердің басқаруындағы автокөлік туралы ақпарат берді. Азаматтың 30 миллион теңгеден астам берешегі бар болып шықты.
Жедел басқару орталығының кезекшілері көлікті тоқтату үшін патрульдік полиция инспекторларына бағдар берді. Қала тұрғынына қарызды төлеу қажеттілігі туралы ескертілді, ал оның темір тұлпары айыппұл тұрағына қойылды.
Естеріңізге сала кетсек, «Қорғау» қосымшасын қаланың тәртіп сақшылары 2022 жылдың сәуір айында қолдана бастады. Қосымша полицейлерге жалған нөмірлі, сақтандырусыз, іздестірудегі, төленбеген айыппұлдары бар көліктер туралы ақпарат береді.
Сонымен қатар аталған бағдарлама жол қозғалысы ережелерін жиі бұзатын қауіпті жүргізушілерді анықтайды», - делінген ақпаратта.