Еуропаның барлық аймағында тұмаудың өршуіне байланысты эпидемия жарияланды, деп хабарлайды paryz.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Испания ауруханаларында бетперде кию міндеттелді. Ал, Бельгияда вирус жұқтырғандарғандар саны күрт көбейген.
Дәрігерлер бұл көрсеткіш әлі де артады деп алаңдайды. Бельгияда ауру асқынып тұр. Жыл сайын болатын эпидемиялық жағдай уақытынан ерте басталған. Науқастар тиісті ем-шараларды қабылдап, аяққа тұрып кетуі мүмкін, бірақ құлан таза айығып кетпейді, - дейді дәрігерлер.
Өйткені тұмау пневмония қаупін арттырады. Сондықтан аурудың алдын алу үшін екпе салдыруға кеңес береді. Жалпы қазір елде тұмауға қарсы вакцинаның 2 млн-нан астам дозасы бар. Францияда да мұрны бітеліп, жөтелі күшейгендердің қарасы көп. Әсіресе, 15 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан қарттар арасында ауру асқынып тұр. Оған себеп – ауруға қарсы тиісті вакцинаны дер кезінде алмау, - дейді дәрігерлер.
Сондай-ақ мереке күндерінен кейін мектептерде сабақтың басталуы мен қызметкерлердің жұмысқа қосылуы ауруды өршітіп жіберген. Францияның Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің мәліметі бойынша былтыр жыл соңында, бір апта ішінде елдегі өлім-жітімнің шамамен 4%-і тұмаумен байланысты болған. Бұл көрсеткіш алдыңғы аптамен салыстырғанда екі есе көп. Жалпы Францияда жыл сайын қыста 6 млн-нан астам адам тұмауға шалдығады.
Ал, Германияда тұмау жұқтырғандардың саны мереке күндерінен кейін күрт артқан. Бұған Роберт Кох институтының мамандары алаңдаулы. Олар елдің денсаулық сақтау жүйесіне екі есе салмақ түсетінін айтады.
Сондай-ақ сарапшылар тұмау мен COVID-19-дың бір мезгілде өршу қаупін ескере отырып, тұмауға қарсы екпе алу осы маусымда өте маңызды екенін айтады. Яғни, қазаннан желтоқсанның ортасына дейін барлық тұрғын вакцина алуы тиіс. Дегенмен, дәрігерлердің айтуы бойынша эпидемия кезінде де екпе алуға болады. Иммунитет вакцинациядан кейін екі апта ішінде күшейеді.