Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Шымкентте жыл соңына дейін 2 094 пәтерлі 55 тұрғын үй пайдалануға беріледі

Шымкентте жыл соңына дейін 2 094 пәтерлі 55 тұрғын үй пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шымкентте жыл соңына дейін 2 094 пәтерлі 55 тұрғын үй пайдалануға беріледі
фото: qov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келгенінде бұл өңірдің еліміздегі табиғаты да, тұрғындарының ықылас-пейілі де ерекше ыстық жер екенін айта келе:

«Қазақ руханиятында Шымкент шаһарының орны бөлек. Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала. Сондай-ақ қазақы қасиет пен ыстық ықыластың символы. Бұл – үздік мәдениет пен ұлттық этикеттің тоғысқан жері. Ұлыларды ардақтау, үлкенді сыйлау – сіздердің басты ұстанымдарыңыз. Шымкент – ұлтымыздың өсіп-өнген, көктеп-көбейген мерейлі мекені. Сондықтан мен шырайлы қаланың халқын Жерұйығын тапқан жұрт деп сеніммен айтамын, – деген болатын.  Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы шаһарды еліміздегі төрт хаб-қаланың біріне айналдыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етіп, оны өркендетуге қатысты бірқатар мәселеге арнайы тоқталды. Соның ішінде тұрғын-үй құрылысын жандандыру мәселесіне де назар аударылды. «Биыл 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын-үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Соның арқасында 9 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды. Тұрғын-үй құрылысының қарқынын бәсеңдетпеу керек. Ең бастысы, оның бағасы жұртқа қолжетімді болуы қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында қалада тұрғын-үй саласында бірқатар жұмыстар атқарылды. Есепті кезеңге 978 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 42 пайызға өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1 миллион 360 мың шаршы метрге жеткізу жоспарлануда. 

Дегенмен, халық санының қарқынды өсуіне байланысты баспанаға деген қажеттілік өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 51 мыңнан асты. Мәселені шешу үшін 4 830 пәтерлі 92 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2 094 пәтерлі 55 тұрғын үй пайдалануға беріледі.   Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы» жөніндегі баяндамасында жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 604 пәтер сатып алу қарастырылып, бүгінде оның 1 240-ы  алынғанын мәлімдеді. 

- Сонымен қатар, жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағдарламасына бөлінетін қаржыны 2 есеге арттырып,  кемінде 400 отбасыға жеңілдетілген несиелер беруге 8 млрд теңге қаржы бөлінді.

Жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек ретінде табыс деңгейі төмен 392 отбасыға тұрғын үй сертификаттары берілді. Одан бөлек, «Отбасы банктің» тұрғын үй бағдарламалары арқылы 1 666 азаматты кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Жалпы есепті кезеңге 2 004 азамат әлеуметтік тұрғын үймен қамтылып, жыл соңына дейін қосымша 1 270 пәтер беріледі, -деді қала әкімі. 

Реті келгенде айта кетейік, қалада тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы да қолға алынған. Оған Әлімқұлов көшесіндегі жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған және апатты деп танылған №34 үй енгізілген. Бұйыртса, жақын күндері осы үйдің тұрғындары жаңа баспанаға көшіп, өздерінің көптен күткен қоныс тойларын тойламақ.