Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Биылдан бастап Шымкентте зейнеткерлер мен мектеп оқушылары қоғамдық көлікте тегін жүре бастады

Шымкентте қоғамдық көлік жүйесінің қызметі жылдан жылға дамып келеді, деп хабарлайды paryz.kz.

Биылдан бастап Шымкентте зейнеткерлер мен мектеп оқушылары қоғамдық көлікте тегін жүре бастады
Фото: gov.kz

Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Шымкент қаласының әлеуметтік – экономикалық дамуы» жөніндегі баяндамасында:

«Қала халқына қолайлы жағдай жасау үшін қоғамдық көлік жүйесінің қызметін одан әрі дамытып келеміз. Біздің негізгі міндет – қызмет сапасын арттырып, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту.

Осы ретте, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескеріп, биылдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүретін азаматтардың санатына 70 жастан асқан зейнеткерлер мен мектеп оқушыларын енгіздік. Тасымалдаушы компанияларға автобустардың аялдамаға тоқтамауы және тыс жерлерден жолаушыларды отырғызу, түсіру, кешігу фактілері бойынша жауапкершілігі күшейтіліп, салынатын айыппұл көлемі 2 есеге ұлғайтылды» деп атап өтті. 

Сонымен қатар, қалада қоғамдық көліктердің қозғалысын бақылап, кестеден ауытқуды автоматты түрде айқындайтын жүйе енгізілді. Нәтижесінде, жыл басынан анықталған фактілерге сәйкес, 585,5 млн теңге бюджет қаржысы үнемделді. Ашықтықты қамтамасыз етіп көлеңкелі ақша айналымын заңдастыру мақсатында қоғамдық көліктердегі қолма-қол ақша төлемін толығымен алып тастап, тек электронды төлем жүргізу бойынша шешім қабылданды. 

Қазіргі таңда электрондық төлем жүйесінде кемшіліктер орын алуына байланысты қолданыстағы келісім шарт бұзылды. Осы салада басқа елдер мен өңірлердің тәжірибесін зерттей келе, сәтті жүзеге асырылып жатқан жаңа жүйе енгізілді. Бүгінде бұл жүйе еліміздің 18 қаласында сәтті іске асырылып келеді. 

- Бүгінгі таңда Шымкентте тасымалдаушы компаниялар тарапынан 19 автобус жаңартылып, қосымша 200 автобус алу міндеттемесі қабылданды. Одан бөлек, 900-ге жуық жаңа аялдама павильонын орнату жұмыстары жүріп жатыр. Қалада жеке инвестор есебінен теміржол вокзалы қайта жаңартылып, пайдалануға тапсырылды. Онда жолаушыларға барлық ыңғайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар жаңа әуежай терминалын жылдың соңына дейін іске қосамыз. Бұл әуе көлігі жолаушыларын өткізу қабілетін он есеге арттырады, -- дейді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков. 

Қазіргі таңда қалада көлік саны жыл санап артып келеді. Сала мамандарының мәлімдеуінше, мемлекеттік органдарға ресми түрде тіркелген көліктердің саны 460 мыңнан асты. Одан бөлек, облыс аумағынан қалаға күн сайын 100 мыңға жуық көлік қатынайды. 

Мұның қаланың жол инфрақұрылымына едәуір жүктеме түсіретіні сөзсіз. Ағымдағы жылы асы мәселені шешу мақсатында бюджеттен бөлінген қаражат көлемін 13,2 млрд теңгеге ұлғайтып, 60 млрд теңгеге жеткіздік. Айта кетейік, былтыр бұл мақсатқа қазынадан 46,8 млрд теңге қарастырылған болатын. 

Сала мамандары әзірге бірінші кезекте қаланың транзиттік өткізу қабілетін арттыратын Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомобиль жолын қайта құру, Оңтүстік айналма жолдарының құрылыстарына басымдық берілетінін айтуда. Бүгінде 16 шақырым болатын Оңтүстік айналма жолы пайдалануға тапсырылды. Бұл жолдың да өз кезегінде қаладағы көлік қатынасын реттейтініне сенім мол. 

Жыл соңына дейін А-2 айналма жолының 3,7 шақырымын толығымен аяқтап, 15,4 шақырымына асфальт төселіп, көліктердің жүруіне жағдай жасалмақ. 

Жалпы жоспар бойынша құрылысы басталған     384 шақырым жолдың, биыл 286 шақырымы пайдалануға беріледі. Былтыр 232,7 шақырымды құрайтын жол тапсырылған болатын. Жыл соңында қалада жақсы жолдардың үлесі 71 пайыздан 75 пайызға артатын болады. Өкінішке орай, ауыр жүк көліктері жолдарға жүктеме түсіріп, жолдың тез бұзылуына әсер етіп отырғанын да тілге тиек ете кету керек.

Сондықтан, бірінші кезекте қалаға кіретін 3 негізгі  бағыттағы көшелерге рұқсат етілген салмақтан артық жүк тиеген автокөліктерді автоматты түрде анықтайтын жүйе іске қосылмақ. Осындай жүйелер келешекте қалған бағыттарға да орнатылатын болады. 

Биыл алғаш рет барлық көше желісіне ревизия жүргізіліп, цифрлық паспортизациядан өткізілді. Нәтижесінде, көшелер саны 4 199-дан 6 714-ке дейін,    ал ұзындығы 3 248 шақырымнан 3 899 шақырымға дейін ұлғайды. Одан бөлек, көлік ағымын реттеп, кептелісті азайту мақсатында 238 бағдаршам интеллектуалды көлік жүйесіне қосылуда. Сонымен қатар, көп жылдан бері өзекті болып келген Шымсити, Тұран шағын аудандарының көше қиылыстарына  38 бағдаршам орнатылады.