Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

80 жылдық тарих - болашаққа деген сенімнің жарқын символы

Бүгін Шымкенттегі «Достық үйінде» ахысқа түріктерінің Қазақстанға қоныстануының 80 жылдығына арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды Paryz.kz.


80 жылдық тарих - болашаққа деген сенімнің жарқын символы
фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Дүниежүзілік ахысқа түріктері Одағының президенті Зиятдин Касанов, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Мудеррисоглы Эврен, «Шымкент қалалық «Ахысқа» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы құрметті консулы Латипша Асанов арнайы қатысты.

Алдымен «Достық үйі» алдындағы «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қойған құрметті қонақтар Қазақстандағы ахысқа түріктері туралы деректер қамтылған ақпараттық стендтер мен қолөнер көрмесін тамашалады.

«Достық үйінің» үлкен залында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен бастау алған іс-шара барысында ахысқа түріктерінің Қазақстанға қоныстануының 80 жылдығына орай әзірленген бейнеролик жұртшылық назарына ұсынылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов өз сөзінде ахысқа түріктерінің бүгінгі Қазақстанның ажырамас бір бөлігіне айналғанын айтты.

– Қазақстандағы этностар арасында ахысқа түріктерінің орны ерекше. 80 жыл бойы қазақтың киелі жерінде өмір сүріп, ортақ құндылықтарды бөлісе отырып, тарихымызды бірге жазудамыз. Осы уақыт ішінде біз барлық қиындықтар мен қуаныштарды бөлісіп, достығымызды күшейте түстік. 80 жылдық тарих – бауырмалдықтың, төзімділіктің және ортақ болашаққа деген сенімнің жарқын символы, – деді ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек алдымен жиналған көпшілікке қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбековтың құттықтауын жеткізіп, 1944 жылы болған тарихи жағдайға айрықша тоқталды. 

— Алғаш ахысқа түріктері Қазақстанға қоныстанғанда бұл мереке емес еді. Ол сәт ел басына күн туған, ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен қиын-қыстау заман болды. Сталиндік саясат көптеген ұлт өкілдерін Қазақстанға жер аудартты. Әрине олар, өркендесін-өссін, көгеріп-көктесін деп ойламағаны айдан анық. Дегенмен, түбі бір түркі жұртына қазақ халқы шама-шарқы келгенше қолұшын созды. Барлығы бірлесіп, бүгінгі бейбітшілік заманға аман-есен жетті. Қазақстанның дамуына ахысқа түріктерінің қосқан үлесі бар. Жаңа қазақ халқына деген ризашылықтарыңызды білдірдіңіздер. Біз де өз кезегінде осынша жыл бізбен бірге болғандарыңызға, ортақ еліміздің, мемлекетіміздің гүлденуіне, өркендеуіне қосқан сүбелі үлестеріңізге алғысымызды айтамыз, – деді Сәрсен Абайұлы. 

Іс-шараға арнайы келген құрметті қонақтар өз құттықтауларын жеткізіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Бірқатар белсенді азаматтарға Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісі мен Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты табысталды. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Айта кетейік, бүгінде еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында 7 мыңға жуық түрік этносының өкілдері тұрады. Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында әрекет ететін «Шымкент қалалық «Ахысқа» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі қашанда ел игілігіне бағытталған бастамаларға атсалысып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында жемісті жұмыс істеп келеді.