Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды paryz.kz.
2023 жылғы 13 қазанда Бішкекте өткен ТМД мемлекеттері басшыларының саммитінде Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартқа қол қойылған. Мақсат – орыс тілін халықаралық үкіметаралық ұйымдар мен құрылымдардың ресми немесе жұмыс тілі ретінде, сондай-ақ халықаралық қатынас тілі ретінде ілгерілету. БҰҰ-да 6 ресми тіл қолданылады: ағылшын, француз, қытай, орыс, испан және араб.
«Қазір осы тілдерді дамытуға бағытталған арнайы халықаралық ұйымдар бар. Мысалы, француз тілінде сөйлейтін 50-ден аса елді біріктіретін Франкофония ұйымы, Араб тілінде сөйлейтін елдерді біріктіретін Халықаралық араб тілі кеңесі, сондай-ақ Британ кеңесі, Конфуций институты, Сервантес институты сияқты ірі халықаралық институттар жұмыс істеп жатыр», – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, орыс тілі БҰҰ-ның ресми тілі мәртебесінен бөлек, ТМД, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ОБСЕ), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШОС), Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) сияқты бірқатар халықаралық ұйымдардың жұмыс тілі саналады. Дауыс беру нәтижесінде депутаттар аталған заң жобасын қабылдады.
Саясат Нұрбек аталған халықаралық ұйым құрылса, оған Қазақстан қаржы бөлетінін жеткізді. Республикалық бюджеттен ұйымға жылына шамамен 43 млн теңге бөлінеді.
«Заңнамаға сәйкес, біз мүше болған халықаралық ұйымдардағы қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Ресми процедура біткеннен кейін, заңға президент қол қойғаннан соң, 6 елдің бүкіл министрі жиналып, бұл ұйым қалай жұмыс істейтіні туралы шешім қабылдайды. 2025 жылдың басында негізгі шаралар басталады. (Әр мемлекет) ұйымның бюджетіне қаржы құяды. Қазақстан бөлетін қаржы – 43 млн теңге. Бұл көп емес», – деді министр.
Айта кетейік, Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Ресей және Тәжікстан кіреді.