Шығыс Қазақстан облысында «VOLVO» маркалы жүк көлігі жарылысқа ұшырап, екі адам қайтыс болды. Оқиға Өскемен – Риддер автожолының 75-шақырымында тіркелген, деп хабарлайды Paryz.kz YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, жүк көлігінде жарылғыш зат белгісіз себептермен жарылған. Жарылыс салдарынан көлік жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
«Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жарылыстың себептері мен мән-жайларын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізілуде», – деп хабарлады полиция департаменті.
Оқиға салдарынан жолда үлкен шұңқыр пайда болғаны, сондай-ақ бірнеше көлікке зақым келгені туралы бейресми ақпарат таралуда. Бір адам жарақат алып, Өскемен қаласындағы медициналық мекемеге жеткізілгені хабарланды.