Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Министрлік әскерге шақырылғандарды күштеп әкетудің себебін түсіндірді

БАҚ пен әлеуметтік желілерде жастарды еріксіз ұстап алып, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізіп жатқан бейнематериалдар таратылып жатыр. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру жасындағы азаматтарға қатысты рейд жүргізудің себебін түсіндірді, деп хабарлайды Paryz.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Министрлік әскерге шақырылғандарды күштеп әкетудің себебін түсіндірді
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпаратқа сәйкес, шақыру науқаны барысында кейбір азаматтар әскери қызметтен жалтарып, жергілікті әскери басқару органдарына уақтылы келмейді. Сонымен қатар әскерге шақыру жасындағы азаматтарды есепке алуда да қиындықтар туындайды, себебі олардың көпшілігі тіркелген жерінде тұрмайтын көрінеді.

Ал, қоныс аударған жағдайда жаңа тұрғылықты мекенжайына тіркелмейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шақыру қағазын әскерге шақырылушының жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған кезде оның келуін қамтамасыз ету ішкі істер органдарына жүктеледі.

Рейд кезінде кейбір азаматтар ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетіп жатады. Мұндай жағдайда полиция қызметкерлері оларды мәжбүрлі түрде ұстап, шақыру пунктіне жеткізуді іске асыруға құқылы, – делінген министрлік хабарламасында. 

Түсіндірмеге сәйкес, шақыру комиссиясы жеткізілген адамдардың мәртебесін сол жерде анықтайды. Мерзімді әскери қызметке шақыруға негіз болмаған жағдайда оларды үйіне жібереді. Ал шақыруға негіз болса, медициналық комиссиядан өтуге және шақыру шеңберіндегі басқа да іс-шараларды өткізуге жібереді.

Сондай-ақ ведомство өкілдері мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.