Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында кәсіпкер 350 млн теңгеге бағаланған заңсыз алкоголь мен темекіні сатпақ болған, деп хабарлайды paryz.kz.
Өңір прокуратурасы заңсыз кәсіпкерліктің жолын кесті. Риддерде жалпы құны 350 млн теңгені құрайтын жалған есепке алу-бақылау маркалары бар 51 мың шөлмектен астам суррогат алкоголі мен 348 мың қорап темекі өнімдерін сатпақ болған адам ұсталды.
«Сапасы күмәнді контрафактілік өнімдерді сату және оларды тұтыну өте қауіпті. Өйткені ол азаматтардың денсаулығына орасан зиян келтіруі мүмкін. Риддер қалалық сотының үкімімен жеке кәсіпкер кінәлі деп танылып, өнімдері тәркіленіп, шартты түрде бас бостандығынан айырылды», - деп хабарлады ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.
Облыс прокуратурасы, экономикалық тергеу мен экология департаменттері өкілдерінен және сот орындаушыларынан тұратын комиссия тәркіленген өнімдерді Өскемен қаласындағы полигонға апарып, жойды.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-ға басқа өңірден келген есірткі таратушы ұсталғаны хабарланған.