Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Жұмабекке хабарлас": түркістандық полицейлер "бетпақ жүргізушіні" жібере салды (ВИДЕО)

Кадрда жүргізушінің қарсы жолақпен келе жатқанын көруге болады, содан кейін оны полиция тоқтатады...

"Жұмабекке хабарлас": түркістандық полицейлер "бетпақ жүргізушіні" жібере салды (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде қарсы жолақпен жүрген жүргізушіні полицейлердің босата салған видеосы тарап жатыр. Түркістан облысының ПД өкілдері ер адам ұсталғанын, ал оны жіберген полицейлер тексеріліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлады Tengrinews.kz.

Ролик авторы оқиға Түркістан облысында түсірілгенін айтады. Кадрда жүргізушінің қарсы жолақпен келе жатқанын көруге болады, содан кейін оны полиция тоқтатады. Полицей ер адамнан құжат сұрайды, бірақ ол "құжат жоқ" дейді.

"Өте бетпақ жүргізуші. Қарсы жолақпен келе жатыр. Полиция тоқтатқанда "Жұмабекке хабарлас" дейді. Содан кейін полицейлерге біреулер келіп, олар жібере салды", - дейді оқырман.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің өкілі тәртіп бұзған ер адамның ұсталғанын хабарлады. Қарсы жолақпен қозғалған Lada Priora автокөлігінің жүргізушісі Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.

"Отырар аудандық ПБ полиция қызметкерлері жүргізушінің кім екенін анықтады. Автокөлік иесіне қатысты полиция қызметкерлері "Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу" және "Полиция қызметкерлерінің талаптарын орындамау және алкогольдік, есірткілік мас күйін куәландырудан жалтару" баптары бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы екі хаттама толтырды", - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Жүргізушінің көлігі айып тұрағына қойылды. Іс Отырар аудандық сотына жіберілді. Сондай-ақ тәртіп бұзушыны босатқан полицейлерге қатысты тексеру жүргізіліп жатыр.

Оқиға видеосы мына сілтемеде.