Биыл алғаш рет өткен халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі түрлі ұлт пен мәдениетті тоғыстырып, Көшпенділер ойындарының бастамашысы әрі жаршысы болды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Марафон Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсаңында өткізілген еді. Жоба авторы, республикалық Joryq ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков аталған жорық әлемнің 10 мемлекетін көшпелілер туының астына біріктіргенін атап өтті. Олар тек жарысып қоймай, өз мәдениеті мен дәстүрлерін таныстырды.
«Түркия, Иран, Оңтүстік Африка, Мажарстан, Қырғызстан мен Ресейдің Қабардин-Балқар, Қарашай-Шеркеш, Татарстан елдері команда қосты. Жүзден астам спортшы 5 күн бойы 500 шақырым қашықтықты еңсеріп қана қойған жоқ, оларға көшпелілер өркениеті, тұрмысы мен болмысы, өнері мен дәстүрі, тарихы мен өмірі таныстырылды. Шетелдік қатысушылар өзінің төл мәдениетімен бөлісіп те үлгерді. Мәселен, ирандықтар ұлттық билерін билеп, мажарлар әндерін шырқаса, татарлар салт-дәстүрлерімен бөлісіп, көпшілікті тәнті етті. Шетелдік командалар өз ұлтының дәстүрлі музыкасымен қатар, түрлі ұлттық тағамын көпшілікке ұсынды. Осылайша, «Ұлы дала жорығы» жобасы түрлі ұлт пен мәдениеттің тоғысқан алаңына айналды, Көшпенділер ойындарының бастамашысы әрі жаршысы болды, – деді ол «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.
Сондай-ақ, Тұрлыбеков «Ұлы дала жорығына» не себепті Ботай мен Астана аралығы таңдалғанын түсіндіріп берді.
Оның сөзінше, бұл бағытта ұйымдастыруда бірқатар қиындық болған.
«Бес күн нөсерлетіп, суық жел соғып, спортшыларымызды да, аттарды да титықтатып, қиындық туғаны рас. Ұйымдастырушыларға да оңай соқпады. Жалпы, осы жорыққа 300-ден астам адам қатысты десек, олардың күнделікті тамақтануы, жатын орны сияқты қажетті шаруаны ұйымдастыру жеңіл болған жоқ. Оның үстіне, күніне 100 шақырым жүргенде құдды бір ауылдың көші керуен тартқандай әсер қалдырды. Бұл бағыттың мән-мағынасы, тарихи мазмұны тереңде жатыр. Жобаның бағыты өркениеттің тал бесігі – Ботай қонысынан басталып, оның бес мың жылдық тарихын жаңғырта отырып, елордамызда мәресіне жетті», – деп қосты ол.
Федерация жетекшісі сонымен қатар, қиындықтарға қарамастан марафон миссиясы орындалғанын атап өтті.
«Адам баласы жылқы түлігін алғаш қолға үйреткен Ботай мәдениеті шетелдік спортшылардың риясыз таңданысын тудырып қана қоймай, ежелгі өркениеттің тереңіне бойлатты. Жорық кезінде қонақтарға Ботай мәдениетімен қатар, Солтүстік Қазақстан облысындағы тәуелсіздігіміздің мызғымас шекарасындай болған Абылай хан резиденциясының жәдігерлері де таныстырылды. Келген қонақтарымызға кәдесый ретінде қазақтың тұмары мен арнайы қыштан жасалған құмыра әзірленді. Тұмардың ішінде жылқының бақайшығы формасында жасалған тиын Botaidan Amanat сөзімен әрленді. Ал құмыра кезінде ботайлықтардың қымыз ішкен ыдысының үлгісінде жасалды», – деді Тұрлыбеков.