Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Азаматтық белсенділік маңызды

Мемлекет басшысы өз Жолдауында елімізде азаматтық белсенділікті жандандырып, мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашу қажеттігін айтқан еді. Сол себепті қоғамдық кеңестер мемлекеттік құрылымдар қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші әрі бақылаушы органға айналуға тиіс. Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесі сол талап үдесінен шығуда. Оған таяуда өткен аталмыш кеңес отырысы айқын дәлел, деп хабарлайды Paryz.kz.

Азаматтық белсенділік маңызды
фото: Қуаныш Қали

Жиында «Батыс Қазақстан облысы бойынша үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидаларын бекіту туралы» БҚО мәслихатының 2022 жылғы 12 қазандағы №14-5 шешіміне өзгеріс енгізу туралы қаулысы қаралған еді.

Бұл туралы баяндаған облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрқайыр Құсайыновты кеңес мүшелері сұрақты астына алды. Мәселен, Мақсот Бектұрғанов, Нұрлан Сәдір, Данильбек Саратов ауылда да, қалада да бұралқы иттердің көбейіп кеткенін, балалардың мектепке қатынауына қиындық тудырып отырғанын, оларды азайту қажеттігін айтты.

Ветеринария басқармасының өкілі ит аулау бригадаларының жұмыс істейтінін, бригада саны көбейтілуде екенін, олардың жабдықталуының нашарлығын алға тартты және жаңадан 3 аутокөлік сатып алу үрдістерінің жүріп жатқанын хабарлады.

Ал Жансұлу Төремұратова Шығыс Қазақстан облысында қаңғыбас иттер еріктілердің көмегімен азайтқанын мысалға келтірді. Аталмыш кеңес төрағасы Ербол Салықов та таң атпай иттердің өріп жүретінін, рейдтер жасап, тиісті іс-шара алу керек екендігін ескертті.

«Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар мен сын-пікірлер ескерілсін. Ветеринария саласының бұралқы иттерге қатысты жүргізілген жұмыстарының есебін алдағы уақытта тыңдаймыз», – деді Ербол Ғұмарұлы. 

Талқылауға түскен тағы бір мәселе аудан-ауылдарға жіберілетін медицина және фармацевтика салалары қызметкерлеріне қатысты болды. Нақтылап айтқанда, оларды әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін, оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы мәселе.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Қаналиевтің сөзіне сүйенсек, «Батыс Қазақстан облысы мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №40-11 «Батыс Қазақстан облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен әлеуметтiк қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау қағидасын бекіту туралы» шешімінің күшін жойып, облысымыздың кадр тапшылығын азайту мақсатында жаңа шешім қабылдау қажет.

Қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Сәдір фармацевтика қызметінің 99 пайызының жекеде екенін, оларды мемлекет тарапынан қолдап, фармацевтерге көтермеақы төлеудің қажеттігі бар ма деген сұрақ қойды.

Асылбек Қаналиев өңірге клиникалық фармацевт маманның қажеттігін, олардың дәрі-дәрмектің адамға әсерін қадағалайтыны туралы түсінік берді.

«Қай жерге қандай маман қажет екені арнайы комиссияда қаралып, шешіледі, - деді ол.

- Содан кейін маманға көтермеақы төлеуге бюджет қаражаты сұралады. Ол маман барған ауылында немесе кентте бес жыл тұрақты жұмыс істеуі тиіс». 

Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Мақсот Берген өңірде 220 дәріхана барын, олардың ішіндегі 200-ге жуығының лицензиясы жоқтығын айта келе, еліміздегі «Жедел жәрдем» қызметі қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін қаулы жобасына қатысты түсінік беруді сұрады.

Осы тақілеттес сұрақтарға Асылбек Салауатұлы жауап берді. Қоғамдық кеңес отырысында басқа да мәселелер қаралып, тиісті шешім қабылданды.

Авторы: Қуаныш Қали