Прямая трансляция

Астана

Астана

20°C

Журналистер ақпарат министрлігін сотқа берді

Елордада бір топ журналист Мәдениет және ақпарат министрлігін сотқа берді, деп хабарлайды paryz.kz.

Журналистер ақпарат министрлігін сотқа берді
Фото: Halyq Uni

Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты журналистердің талап арызын қабылдады. Арызға 9 БАҚ өкілі қол қойған. Олар Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Журналистерді аккредитациялаудың үлгілік ережесін» бекіту туралы жаңа бұйрығының ережелеріне қарсы шағым түсірді.

Журналистер жаңа ереже елімізде сөз бостандығы мен ақпарат таратудағы конституциялық құқығымызды өрескел бұзады деген пікірде. Мұндағы басты мәселе аккредиттелген журналистің мемлекеттік органдардан алған ақпаратты кез келген БАҚ арқылы таратуына тыйым салатын нормаға байланысты. Бұл талап 2 рет бұзылса, журналист 6 айға дейін аккредитациясынан айырылуы мүмкін.

Шағымданушылардың пікірінше, бұл норма Қазақстан Конституциясының 20, 39-баптарына және «Масс-медиа туралы» заңына қайшы келеді әрі журналистің ақпаратты еркін алу мен таратуға қатысты конституциялық құқығын шектейді.

Аккредитациялаудың үлгілік ережесін енгізу барысында «Құқықтық актілер туралы» заңды бұзылды... Мемлекет қазақстандықтардан заңды мүлтіксіз орындалуын талап етеді. Сондықтан мемлекеттік органдар заңнаманың процессуалдық талаптарын елемеуге заң және мораль жағынан құқығы жоқ, - деді «Әділ сөз» халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова.

Талап арызға қол қойған журналистің бірі – «Власть» интернет-журналы Астана бюросының жетекшісі Тамара Вааль.

Оның пікірінше, мемлекет брифингтерде берілген ақпараттың халық арасында мүмкіндігінше кең таралуына мүдделі болуы керек.

«Адамдар жаңалықтарды газеттен, енді бірі әлеуметтік желіден оқиды. Сондықтан мемлекет ақпарат тарату арналарын шектемей, мүмкіндігінше оны көп адамға жеткізуді сұрауы керек. Анонимді арналардың көбейген уақытында кәсіби журналистердің авторлық контентіне шектеу қою – ақымақтық. Әділ сот мәселені біздің пайдамызға шешіп, қоғамға ешқандай практикалық пайда әкелмейтін және кәсіби журналистердің жұмысын қиындататын бұл қисынсыз талап жойылады деген сенімдемін», - деді бюро жетекшісі.