Қазақстанның белгілі композиторы марқұм Арман Дүйсеновтің үлкен ұлы Абылай Арманұлының өліміне байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.
Әлеуметтік желілерде елімізге белгілі өнер қайраткерлері отбасына көңіл айтып жатыр. Сондай-ақ әнші Мақпал Жүнісова композитордың ұлын біреулер қастандықпен өлтірді деп жазды.
«Марқұм Арман Дүйсеновтің тұңғышы Абылай Арманұлын біреулер қастықпен өлтірді деген суық хабар жетті. Иманы саламат болсын, өлтірген адамды тауып жазасын беру керек. Айсұлу айналайын, Алла сабыр берсін, кеше ұшып кетіп едім, туғандарына, анасына, қарындасы мен бауырына қайғырып көңіл айтамын», - деп жазды Мақпал Жүнісова. Алматы қалалық полиция аталған жағдайға қатысты түсінік берді.
«Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталуда»,-деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.