Ақтөбе гарнизонының әскери сотында Маңғыстау облысындағы 25/744 әскери бөлімінің қызметкері Н. Амралиевке қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол сарбаздарды ұрып-соққаны үшін сот алдында жауап бергенімен, жазадан құтылып кетті.
Ол сарбаздарды ұрып-соққаны үшін сот алдында жауап бергенімен, жазадан құтылып кетті. Ақтөбе гарнизонының әскери соты Қылмыстық кодекстің «Билікті асыра пайдалану» бабы бойынша түскен істі ашық қарады. Іс материалына сүйенсек, 2024 жылдың 25 наурызы күні сағат 21:00-де әскери шені бар және оқ атумен қолдау ротасының қызметкері Н. Амралиев өзінің рұқсатынсыз дәлізде жүргені үшін қатардағы жауынгерлерге тиіседі.
Онымен қоймай, жатын бөлмеге барып, өз өкілеттілігін асыра пайдаланып, бірнеше сарбазды жұдырығымен ұрады. Сонымен бірге 2024 жылдың 29 наурызы күні шамамен сағат 22:20-да оқ атумен қолдау ротасының канцеляриясында қатардағы жауынгерлерді насыбай атқаны үшін жазалап, ұрады.
«Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деп кейбірін жұдырықтайды, кейбірін алақанымен салып қалады. Аға лейненант Н. Амралиев қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, 6 сарбазды ұрып-соқаны үшін Қылмыстық кодекстің 451 бабы 1 бөлігімен құқықбұзушылық жасаған. Сот отырысы кезінде сотталушының қорғаушысы Н. Амралиев кінәсін мойындағанын, алайда тараптар өзара татуласқанын айтты.
– Сот Қылмыстық кодекстің «Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» бабы, Қылмыстық-процестік кодекстің 35 бабы 1 бөлігі 12 тармағына сүйеніп Қылмыстық кодекстің 451 бабы 1 бөлігінде қарастырылған қылмыстық жауапкершіліктен босатты, - деп жазылған сот кабинетінде.