Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Нұр-Сұлтанда қояндар 80 мың түптен астам ағашқа жауша тиюде

"Енді қоян өздігінен пайда болған орман биоценозы болғандықтан, біз оның көзін жоя алмаймыз. Тек қана қоян жақсы көретін ағаштардан үркітетін препараттар қолданамыз", - дейді агроном.

Нұр-Сұлтанда қояндар 80 мың түптен астам ағашқа жауша тиюде
фото: travelask.ru

Елордалық орман қорғаушылар дабыл қақты. Енді салпаңқұлақтармен кешенді күрес жүргізілмек. Ең алдымен химиялық қоспа қолданылады, деп хабарлады paryz.kz, "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Елорда маңында 40 мың түп алма ағашы отырғызылған. Жайқалып өсіп тұрғанына 2 онжылдық болып қалды. Бірақ бұларға зиянкестерден келетін бір қауіп бар. Әсіресе қояндар қабығын жеп, түп-тамырымен құртып жатыр.

"Енді қоян өздігінен пайда болған орман биоценозы болғандықтан, біз оның көзін жоя алмаймыз. Тек қана қоян жақсы көретін ағаштардан үркітетін препараттар қолданамыз. Қазіргі кезде сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деді орманды қорғау мекемесінің бас агрономы Ардақ Хасенов.

Мамандардың айтуынша, бұл аумақта қояндар тым көбейіп кеткен. Орман ағаштарына ең басты қауіп солардан келетін көрінеді. Әсіресе жеміс-жидек діңін құртады. Мұның артында маңдай тер мен еселі еңбек жатыр. 80 мың түп алмадан бөлек, емен ағаштарына да зиян келе бастаған.

"Емен ағаштары кішкентай, бойлары 1 метрге жеткен жоқ. Оларды жоба бойынша қамыспен орап, қорғаймыз", - дейді Ардақ Хасенов.

Қояндардың популяциясын жабайы табиғат реттейді. Егер дәл осы аумақта басқа да аң-жануар жеткілікті болса, жасыл желекке осынша зиян келмес еді. Яғни жасанды орман мамандардың көмегімен жайқалып өсе береді. Мұндағы мәселе - қоян аулайтын қарсақ немесе түлкінің аз болуы. "Әйтпегенде салпаңқұлақтар бұлайша еркінсімес еді", - дейді мамандар.

"Біздің жасыл орманымыздың ағаштары өсіп келе жатыр. Қазіргі уақытта химиялық жұмыста 30 адам жұмыс істеп жатыр", - дейді қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы Айдар Рашид.

"Ендігі амал - қысы-жазы жасыл-желекті қызғыштай қорғау", - дейді орман сақшылары. Қояндарды үркітуге арнайы сұйықтық қолданады. Химиялық қоспаның ағашқа да, жан-жануарға да аса зияны жоқ. Қазір елорда орманы 24 мың гектар аумақты алып жатыр. Соның 14 мыңына жасыл желек егілген. Биыл көктемде орман қоры тағы бірнеше мың жас шыбықпен толығады.