Прямая трансляция

Астана

Астана

6°C

Депутат министрге сауал жолдады: әскери бөлімдердегі 50 мың бейнекамераның жазбасы қайда?

Әскерилердің әлеуметтік жағдайын түзетуге назар аудару керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев айтты.

Депутат министрге сауал жолдады: әскери бөлімдердегі 50 мың бейнекамераның жазбасы қайда?
Фото: parlam.kz

«Соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан. 2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1 ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Ал таяуда болған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарасынан бес ай бойы ес-түссіз жатты. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. 7 қыркүйек күні Ақтаудағы горнизонда сарбаз Марат Барқұлов есімді бауырымыз көз жұмды. Оны офицер атып жіберген. Бұл қасақана жасалған әрекет, жоқ па? Аталған сұрақтың жауабын тергеу орындары әділ зерттеп, нәтижесін қоғамға ашық түрде жеткізуі керек», - деді Н.Сәрсенғалиев Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың атына жолдаған сауалында.

Сонымен қатар ол әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына қатысты пікір айтты.

«Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар деді. Ондағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма? Әскердегі әлімжеттік мәселесін АMANAT партиясы 2022 жылы көтерген болатын. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып кетті десе де болады. Сарбаздардың армияда жарақат алып, қайтыс болуы тоқтар емес. Осы тұста тағы бір түйткіл бар, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен. Олардың айлығы шайлығына жетпейді, себебі соңғы рет әскерилердің жалақысы 2008 жылы ғана көтерілген. Уағында берілген әлеуметтік қолдау шараларының біразынан шет қалған. Бұл жағдайды түзету кезек күттірмейтін мәселе», - деді депутат. 

Бұл тұрғыда Н.Сәрсенғалиев бірнеше ұсынысын жариялады. Біріншіден, еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және оның алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдау ұсынылды. Мұнымен қоса, әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған іс-әрекеттерді күшейту керек екені атап өтілді.