Прямая трансляция

Астана

Астана

19°C

Мектептерге бекітілген форманы сақтаудың маңыздылығы

Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде сөз етті, деп жазады Paryz.kz.

Мектептерге бекітілген форманы сақтаудың маңыздылығы
фото: zhaispress

«Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде хиджаб киюге рұқсат жайлы сұраққа былай деп жауап берді: «Конституция бойынша, Қазақстан — зайырлы мемлекет. Мектеп те зайырлы болып саналады.

2016 жылы бекітілген оқушылардың мектептегі формасы мен киміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар мектепке оқушы формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ. Бәрі заң аясында әрі балалар мектепке белгіленген тәртіп бойынша келуі керек». 

«Білім және ғылым министрілгінің мектеп формасына қатысты №26 бұйрығы бар. Оның ішінде білім алушылар мен олардың ата-аналары мектеп формасын сақтау және қамтамасыз етуге міндеттілігі анық жазылған. Сондай-ақ «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 5-тармағында ешкімнің өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстанның Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқы жоқ.

Мектеп формасына қойылатын талаптарда «діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қоспау» деген ереже қамтылған. Жалпы «мектеп формасын сақтау» дегеннің өзі «басқа атрибутика мен элементтерді қолданбау» дегенді білдіретіні белгілі. Және бұл тек діни атрибуттарға ғана емес, басқа да ерекшеліктерге тыйым салынатынын білдіреді.

Мәселен, бала мектепке еркін киім үлгісімен, сәнді немесе спорттық киімдермен, жарқыраған әшекей бұйымдармен келе алмайды. «Форма» ұғымы соның бәрін реттейді. Бұған қоса талаптардың 13-тармағында мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтыны атап көрсетілген. Бұл мектепте діни киім болып табылатын хиджабт киюге үзілді-кесілді тыйым салынатынын білдіреді.

Осы аталғандардың барлығы заң талабы, мемлекет басшысының шешімі болып табылады. Ислам шариғаты тұрғысынан алғанда, заңға және басшыға мойынсұну міндетті. Ал оларға қарсы шығу исламда бүлік шығарушылық ретінде айыпталады.

Айта кетейік, Білім туралы заңда қазақстандық оқушылар мектеп формасын киюі керек. Мектеп формасына қойылатын талаптар хиджаб киюге тыйым салады. Мектеп қабырғасында хиджаб киюге тыйым салу зайырлылық қағидаттарына сәйкес оқу орнының ішкі тәртібін сақтау мақсатында енгізілген. Мектептен тыс жерлерде бұл мәселе бойынша тыйым салулар қолданылмайды.

Ұлдарға арналған мектеп формасына мыналар кіреді: пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелері әлде сырмалы құлып бар тоқылған куртка/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет). Ер балаларға арналған шалбар, ұзын және аяқтың тобығын жабады.

Қыздарға арналған мектеп формасына мыналар кіреді: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері әлде сыдырмалы құлып бар тоқылған куртка/кардиган, поло жейде немесе футболка (қыста: тоқылған жилет, сарафан). Бос және ұзын қыздарға арналған шалбар аяқтың тобығын жауып тұруы шарт.