Облыс орталығының тұрғыны бет- әлпетін әсемдеу мақсатымен косметологқа барған. Алайда егілген препараттан аузы ісіп, бетін бүлдірген. Кәсіби емес маманға жолыққанын түсінген ол косметологты сотқа беріп, 400 мың теңге өтемақы өндіріп алды.
Павлодарлық қыз Instagram-дағы жарнаманы көріп, ернін үлкейтпек оймен косметологтың қабылдауына жазылған. Процедура барысында егілген препараттың әсерінен қыздың денесі қышып, дуылдай жөнелген. Ол аз болғандай, ернінің айналасы ісіп, түйіндер пайда болған. Ақыр-соңы қыз әлгінің опа таптырмайтынын сезді ме, қызметін аяқтатпастан өзге косметологқа тайып тұрған. Ол жерде барлығын дұрыс жүргізген маман егілген препаратты сыртқа шығарып, ернін түзетіп берген.
«Сапасыз қызмет көрсеткен косметолог клиентке ақысының тең жартысын, яғни 12,5 мың теңгесін ғана қайтарып берген. Бұған келіспеген қыз біздің департаментке хабарласты. Оған сотқа шағым түсіруге кеңес бердік. Нәтижесінде сот шешімімен қызмет көрсетуші шағымданушыға 400 мың теңге өтемақы төлейтін болды», - деп хабарлады өңірлік сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінен.
Бұған қоса сот барысында косметологтың ешқандай біліктілігі болмағаны анықталған. Оқиға кезінде ол арнайы курста білім алып жүрген.