Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Астана қаласы әкімдігінің қызметкері 60 млн теңгеден астам соманы жымқырған

Астана қаласы әкімдігінің «Спорттың олимпиадалық түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы» КММ-нің басшысы мен қызметкері бюджет қаражатын жымқырғандары үшін сотталды, деп хабарлайды paryz.kz.

Астана қаласы әкімдігінің қызметкері 60 млн теңгеден астам соманы жымқырған
Коллаж: Azattyq Ruhy

«Олимпиада түрлері бойынша спортты дамыту Дирекциясының басшысы 60 млн теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлағаны және қарамағындағы қызметкерден 4 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды», - деп хабарлады прокуратура.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2020-2023 жылдар аралығында ақша жымқыру шетелде де, республика ішінде де оқу-жаттығулар мен жарыстарға бөлінген іссапар шығындарын асыра көрсету арқылы жасалған.

«Іс жүзінде жұмсалған ақшадан айырма түрінде алынған қаражатты КММ басшылығы алып отырған. Заңсыз әрекеттерден мемлекетке келтірілген шығын көлемі 60 млн теңгеден асады», - делінген Астана қаласы прокуратурасы хабарламасында.

Спортшыларға арналған спорт залдарын тегін алу мүмкіндігі бола тұра, оларды жалға алу туралы еншілес тұлғалармен мемлекеттік сатып алу шарттары жасалған. Оқу-жаттығу жиындарына бөлінген бюджет қаражаты жымқырылған. Сонымен қатар, басшымен бірге бюджет қаражатын ұрлауға көмектескені үшін Дирекция қызметкері де сотталды. Мемлекеттік айыптаушы сотқа барлық дәлелдемелерді ұсына отырып, сотталушылардың кінәсіздігі туралы уәждерін жоққа шығарды.

«Сот үкімімен әрқайсысына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салына отырып, басшы 5 жылға, ал оның көмектесушісі 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды», - делінген сот үкімінде. Үкім заңды күшіне енді.