Прямая трансляция

Астана

Астана

6°C

Ұлытауда колледж студенттерін қорқытып, ақша жинаған бір топ жігіт ұсталды (ВИДЕО)

Ұлытау облысында өзінен кіші балаларды қорқытып, видеоға түсіріп, артынша сол бейнежазбамен бопсалап жүрген 18-20 жас аралығындағы жігіттер ұсталды, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Фото: видеодан скриншот

Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың ақпаратына сүйенсек, күдіктілердің ісі қазір сотқа жолданған.

«Ұлытау облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 18-20 жас аралығындағы жастар тобын ұстады. Олар жергілікті колледждің кәмелетке толмаған студенттерін қорқытып, ақша бопсалаған. Күдіктілер өзгелерді қорқыту және өздерінің басымдылығын көрсету үшін зорлық-зомбылық әрекеттерін бейнежазбаға түсірген. Бопсалау және бұзақылық фактілері бойынша қылмыстық істер сотқа жолданды», –Қуандық Алпыс.

Дереккөзге сүйенсек, бұндай фактілер бұған дейін Павлодар облысында да тіркелген. Бұнда адам бопсалайтындар тіпті кейбір азаматтарды суицидке дейін жеткізген.

«Биыл мамыр айында Павлодар облысында жастарды бопсалаумен айналысқан топ анықталды. Олардың осындай 10 фактіге қатысы бар деген айып тағылып отыр. Олар жәбірленушілерді қорқытып, 2 млн теңгеге дейін алған. Жәбірленушілер қылмыскерлерден қорқып, құқық қорғау органдарына жүгінбеген. Заңсыз әрекеттердің салдарынан жәбірленушілер суицид жасауға дейін барғанын атап өткен жөн. Осындай оқиғалардың бірінде қорлық пен соққыға шыдамаған 22 жастағы жігіт өзін-өзі өлтіруге оқталған», - деп жазады polisia.kz.