Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

«Бұл – Халық батыры Бауыржан Момышұлын ғана емес, қазақ халқын мазақ ету»: Қабатовтың әйелінің үстінен арыз түсті

"Офицерлер одағы" қоғамдық бірлестігі Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы М.С.Төлебаевтың атына арыз жолдады, – деп жазады Paryz.kz сайты Nege ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Бұл – Халық батыры Бауыржан Момышұлын ғана емес, қазақ халқын мазақ ету»: Қабатовтың әйелінің үстінен арыз түсті
фото: әлеуметтік желіден

Еске сала кетсек, "El аrna" арнасындағы "Қыздар мен жігіттер" бағдарламасының үзіндісі әлеуметтік желілерде тарап, ел арасында қызу талқыға түскен. Бағдарламада Бауыржан Момышұлының басының орнына өз басын қойып, Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқанованың батырды келемеж еткенін көруге болады.

Кейін дау тудырған түсірілімге қатысты түсініктеме берген арна басшысы жоба форматын түсіндіре келе: "Ойын шарты батыр бабамыз Бауыржан Момышұлын және өзге де танымал тұлғаларды мазақ ету мақсатында емес, дәріптеу үшін жасалғанын айтамыз", – деп ақталған. Шоу-бизнес өкілінің бұл әрекетін батырдың келіні Зейнеп Ахметова да сынға алып, наразылық танытқан еді.

Одан кейін:

– Біз, Қазақстанның офицерлері, телеарнаның және батырды мазақ еткен әйелдің әрекетін қатаң айыптап, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеміз! Бұл – Халық батыры Бауыржан Момышұлын ғана емес, барлық соғыс ардагерлері мен офицерлерді, керек десеңіз, қазақ халқын мазақ ету! Мұндай бассыздыққа ешқашан жол беруге болмайды! – деді "Офицерлер одағы" қоғамдық бірлестігі төралқасының төрағасы, отставкадағы генерал-майор Махмұд Телеғұсов.

Арызда "Қазақстан Республикасының азаматы Мөлдір Мұқанның әрекетінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 131-бабының 2-бөлігінің нормаларына сай қылмыстың белгілері бар екені" айтылған. Сондай-ақ "Офицерлер одағы" Мөлдір Мұқанға қатысты қылмыстық іс қозғауды, телеарна басшылығын жауапқа тартуды сұрайды.

Генерал М.Телеғұсовтың айтуынша, Астана қалалық Полиция департаменті арызды қабылдап алған және жуық арада шешімін жария етуге тиіс.