Прямая трансляция

Астана

Астана

17°C

Айдос Садықовқа қастандық жасады деген күдіктінің біреуі Қазақстаннан табылды

Қазақстанның Бас прокуратурасы Киевте қазақстандық журналист Айдос Садықовты атып кетті деп айыпталған күдіктілердің біреуі қамалғанын хабарлады, деп жазды Paryz.kz. 

Айдос Садықовқа қастандық жасады деген күдіктінің біреуі Қазақстаннан табылды
Фото: UA.KyivPolice/ facebook.com

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Бас прокуратура 18 маусымда Киев қаласында Айдос Садықовқа жасалған қастандық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Украинаның құқыққорғау органдары жеделдігі мен кәсібилігін көрсете отырып, қысқа мерзімде осы қылмысты жасаған тұлғаларды анықтады.

«Бас прокуратура Украинаның құзіретті органдарына Жақанбаев пен Қаратаевтың жасалған қылмысқа қатысы туралы қылмыстық істің материалдарын беру жөнінде халықаралық тергеу тапсырмасын жолдады. 21 маусымда Алтай Жақанбаев Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына өз бетінше хабарласып, одан істің мән-жайы бойынша жауап алынды. Сол күні ол осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталды» деп хабарлады ведомстводан.

Мейрам Қаратаевтың қайда жүргенін анықтау үшін жедел іздестіру шаралары жүріп жатыр.

«Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды» деп ескертті Бас прокуратура.