Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Алматыда оқ атқандар кешірім сұраумен сытылып кетпесін – депутат қару-жарақты тексеруді ұсынды

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Алматыда той үстінде оқ атқандарды жауапқа тартуды және қарапайым азаматтар қолындағы қару-жараққа инвентаризация жүргізуді ұсынды.

Алматыда оқ атқандар кешірім сұраумен сытылып кетпесін – депутат қару-жарақты тексеруді ұсынды
Фото: parlam.kz

Бұл жөнінде депутат ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке сауал жолдады.

Бұған дейін әлеуметтік желіде көлікте отырып аспанға оқ атқан азаматтардың бейнежазбасы тараған еді. Оқиға Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданының Түрген ауылында болған.

«Үйлену тойы құрметіне серуенге шыққандар автомат пен тапаншадан оңды-солды оқ жаудырып қызық қуған. Онысын абырой көріп видео-фотосын әлеуметтік желіге жүктеген. Бұл дегеніңіз Тәуелсіз елдің Заңын елемеудің, жазасыз қалатындарына сенімді болудың көпе-көрнеу көрінісі емес пе? Сіз бен біздің ата-әжеміз, ата-анамыз, бала-шағамыз, бауырларымыз, отандастырымыз жүретін көшеде қызық қуып, оқ жаудыруға кім рұқсат берді», - деді Н. Сәрсенғалиев Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутат прокуратура мен сот-тергеу органдары оқиғаны саралап, оған қатысы бар азаматтарға заңға сай қатаң жаза кесуі керегін айтуда.

Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі қарапайым азаматтар қолындағы қару-жараққа инвентаризация жүргізіп, заңға сәйкес келмейтіндерін тәркілеуі қажет. Осы саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді қатаңдату қажеттігі де айтылды.

«Бұл – желіккен жастардың жәй ғана бұзақылығы емес, мемлекеттік тәртіпке, заңға ашық қарсылығы. Халықтан, елдің ішкі қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығына жауапты құқық қорғау органдарынан еш айылын жимай, дөңайбат көрсетуі. Айтпақшы, оқ атқандар бейнекамераға қарап кешірім сұрап жазадан құтылып кетпеу керек. Мұндай тәсілден елдің әбден ығыры шықты. Ертең бұларға еліктеушілер шығып, атыс ұйымдастырса не болмақ? Сол себепті бұл заң бұзушыларға заңға сәйкес шара қолдану процесі көпке жария түрде жүруі тиіс», - деп талап етті депутат.

Оған қоса, аз күнде орта мектеп түлектері, түрлі оқу орындарының бітірушілері аттестат, диплом алу кештерін жаппай атап өтеді. Мәжіліс депутаты түлектермен, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, автокөлікпен жарысатын жастардың апатқа ұшырап жазым болмауы үшін жағдай жасауды ұсынды.