Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

«Әйелі зәбір көргенін айтқан»: Атырау облысындағы Мақат ауданының әкімі қызметінен кетті

Атырау облысындағы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов қызметінен кетті. Бүгін Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі бұл деректі растады.

«Әйелі зәбір көргенін айтқан»: Атырау облысындағы Мақат ауданының әкімі қызметінен кетті
Фото: gov.kz

Ринат Ибрагимов Мақат ауданының әкімі қызметінен өз еркімен кеткен. Ол бұл лауазымына 2022 жылғы наурызда тағайындалған. Бұл тағайындауға дейін Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болған.

Ал, жақында бұрынғы әйелі Ринат Ибрагимовтен зәбір көргенін айтты. Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады. 

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аудан әкіміне қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабының 2-бөлігімен тергелгенін хабарлады. Қылмыстық іс ақпан айында сотқа жіберілген.

Кейін Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аудан әкімінің бұрынғы жұбайы әкімдікке жүгінбеген болып шықты. 

«Азаматша А.Үмбетқалиева Атырау облысының әкімдігіне жүгінбегенін хабарлаймыз. Туындаған мән-жайларға байланысты қызметтік тексеру тағайындалды», - деп хабарлаған еді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі аудан әкіміне қатысты қылмыстық істің қаралып жатқанын растады.

«Қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотында қаралып жатыр. Келесі сот отырысы 29 мамырда сағат 10:00-де өтеді», - деп хабарлаған болатын облыстық соттың баспасөз қызметі.